Соңғы жылдары жастардың потенциалын арттырып, сан салада бастамашылдығы мен шығармашылығына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Елімізде білімді, ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника меңгерген жастар әр түрлі салада көш бастап, мемлекетіміздің алға басуына үлесін қосып жүр. Олар Тәуелсіздік жылдары орта, орта кәсіби және жоғары білімдер алды, егемен елдің жаңа қоғамдық формациясымен қалыптасты. Бүгінгі таңда мемлекеттік саясатты қолдауда пайымы мен пікірін еркін айта алады, айқын жеткізе біледі. Өткен аптада осындай бастамашыл жастардың басын қосқан «Келешек» қоғамдық бірлестігі «Көшбасшы. Жастар. Инновация» атты конгресс өткізді. Оған Атырау мұнай өңдеу зауыты Жастар ісі жөніндегі кеңесінің төрағасы Диас Нұржанов және мүшелері Ахат Оразбаев, Райля Төрешова, Қанат Раукен, Мейірман Бекхожаевтар қатысты.
Конгрестің ашылуында сөз сөйлеген Атырау облысы кәсіподақтар орталығың төрағасы Диас Сұлтанов: «Облысымызда тұңғыш өтіп отырған конгресс сіздерге өз пайдасын тигізіп, тың әсер береді деген ойдамын. Осы пікірталас алаңында сіздер өз пікірлеріңізді ашық айтып, ортақ мәселелерді шешуге атсалысасыздар. Конгресстен кейін, сіздің араларыңыздан міндетті түрде жаңа көшбасшылар шығдалып шығады»- деп, сенім білдірді.
Ресми ашылудан кейін семинар-тренинг түрінде жалғасқан шараға елімізден бөлек, көршілес мемлекеттердің де жастары қатысты. Тренингты Қазақстан Республикасы Президентінің консультативтік кеңесі жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Гүлзия Асенова жүргізді. Олар топ-топқа бөлініп, қызықты жаттығулар жасап, бір-бірімен жақынырақ танысты.
Күннің екінші жартысында қатысушыларға облысымызда шешімі табылмаған мәселелер төңірегінде әлеуметтік жобалар ойлап табу тапсырылды. Айналдырған 10 минуттың ішінде әр топ кем дегенде екі күрделі мәселені көтеріп және оны шешу жолдарын тауып, көпшілік алдында жобаларын қорғады. Жастардың қоғамдағы ролін айқындайтын шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хат табысталды. Конгресс барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының жастары да өз қабілет қарымын көрсетіп, белсене қатысты. Конгресс соіңында арнайы сертификаттарға ие болып, шараны ұйымдастырушылар тарапынан оң бағасын алды.
Райля Төрешова,
ОЗЗ валидация жөніндегі инженері
Back to news list