АМӨЗ-н жаңғырту бағдарламасына кіретін нысандардың бір бөлігі пайдалануға берілді

04.12.2015
1411 views
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ароматикалық көмірсутектер шығару  (АКШ) кешенінің бірінші іске қосу нысандарын  құрамына ҚР энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" ҰҚ" АҚ,  "ҚазМұнайГаз - өңдеу-маркетинг" АҚ, облыс әкімдігі және мемлекеттік қадағалаушы органдар өкілдері кіретін Мемлекеттік қабылдау комиссиясы пайдалануға қабылдап алды.
2006 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерін қалыптастыру және тұңғыш қазақстандық мұнай-химия кешенін құру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Бұл орайда Атырау мұнай өңдеу зауытындағы құрылысы  2010 жылдың қазанында басталған  ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің маңызы орасан зор.  2009 жылғы 29 қазанда "ҚазМұнайГаз - өңдеу-маркетинг" АҚ еншілесі  компаниясы саналатын  “Атырау МӨЗ” ЖШС  мен   «SinopecEngineering (Group) Co. LTD» компаниясы арасында (ҚХР) “түбегейлі тапсыру” шартымен  кешен құрылысының шартына қол қойылды. Жобаның құны 1 040 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаны қаржыландыру мақсатында    Қазақстанның даму банкімен   қаржы-несиелік келісімге қол қойылды. Технологиялар лицензиары   – француздық «Axens» компаниясы.  2014 жылы  өткен жалпыхалықтық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев АКШ кешенінде  іске қосу-баптау жұмыстарын бастауға рұқсат беріп, 2015 жылы бензол мен параксилолдың тәжірибелік- өнеркәсіптік партиясы алынды.
Мемлекеттік комиссия мақұлдаған  нысандар тізімінде шикізат бойынша өнімділігі 1 млн.тонна/жыл  катализаторды  үздіксіз регенерациялау блогы бар каталитикалық риформинг қондырғысы, бензол мен толуолды экстракциялау қондырғысы және жалпызауыттық шаруашылық нысандардың бір бөлігі бар.
Кешен  сызбасының икемділігі арқасында оны екі бірдей мақсатта пайдалануға болады: отындық және мұнай-химиялық  нұсқалар. Отындық нұсқа жоғары октанды бензин өндірісін мейлінше молайтуға жол ашпақ. Бүгін қол қойылған Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ароматикалық көмірсутектер шығару  (АКШ) кешенінің бірінші іске қосу нысандарын пайдалануға қабылдап алу жөніндегі акт зауытқа аталмыш нұсқада жұмыс жасауға мүмкіндік бермек.    Ал мұнай-химия нұсқасы бензол және параксилол өндірісіне бағытталған. Өндірістегі инновациялық технологиялар АМӨЗ-нда шығарылатын автокөлік бензинінің сапасын  К-3 стандарттарына дейін жеткізіп, оның құрамындағы бензол мөлшерін 1 пайызға дейін  төмендетеді.  Кешеннің бірінші іске қосу нысандары  құрамында бензол мен параксилол мөлшері төмен автокөлік бензинін тұтыну есебінен  аймақтың экологиялық ахуалын  жақсарта түспек.  
Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен соң төмендегідей міндеттер  оң шешімін табатын болады:
- жыл сайын екінші үдерістердің қуаттылығын 1000 мың тонна нафтаға  дейін арттыру;  
-сутекпен тазарту қондырғысына және сапасын арттыруға қажетті сутек ресурстарын арттыру;  
-Қазақстанды сапалы мотор отындарымен қамтамасыз етіп, жаңа заманғы техникалық деңгейге жету үшін технологиялық қуаттылықтарды түбегейлі жаңарту.  
Аталған кешенде 277 жаңа жұмыс орны ашылды.  

"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe