Кәсібіне адал, ісіне мығым – АМӨЗ арулары

08.03.2025
219 views
Кәсібіне адал, ісіне мығым – АМӨЗ арулары
Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген әйелдер қатары жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіпте нәзік жандылар техниканың тілін меңгеріп, стереотиптерді жойып, құрылымдық бөлімшелерді табысты басқарып отыр. Олар білімі мен біліктілігінің арқасында ауыр қызметтің жүгін абыроймен арқалап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуда.

Қазақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу зауытының құрылуы мен даму тарихында әйелдер қауымының рөлі ерекше. Олар алпауыт өнеркәсіптің кірпіші қаланған тұста құрылыс алаңдары мен қосалқы шаруашылықта қара жұмыс атқарған.

АМӨЗ мұрағатында сақталған ақпаратқа сәйкес, зауытқа жұмысқа тұрған тұңғыш әйел маман – сол кездегі Гурьев қаласының 16 жастағы тумасы Рухия (Рая) Бекжанова. Ол 1944 жылдың маусымында құрылысы қарқынды жүріп жатқан №441 зауытқа 3 разрядтағы слесарь болып қабылданған. Кейін №3 цехқа насостық станция операторы қызметіне ауысып, 1946 жылдың шілдесінде өз еркімен жұмыстан шыққан.

Зауыт іске қосылған жылдары әйелдер өндіріс үшін маңызды әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін қызметтерді игере бастады. Олар цехтарда оператор, электрмонтер, машинист, электрдәнекерлеуші, байланысшы, зертханашы, жобалаушы сияқты қызметте еңбек етті. Ел үшін тың саланы алға сүйреп, өндіріс озаты бола білді. Ер адамдармен иық тіресіп аз уақыт ішінде шетелдік мамандардан мұнай өңдеудің қыр-сырын және күрделі жабдықтарды басқаруды үйреніп, зауыт кадрының негізгі діңгегіне айналды.

Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытында 445 қыз-келіншек еңбек етуде. Олардың 59-ы басшылық қызметте болса, 221-і қарапайым жұмысшы. Әйелдердің 50%-ы өндірісте жұмыс істейді. Нәзік жандылардың басым бөлігін зертханашылар құрайды. Кәсіпорынға жұмысқа тұрушы қыз-келіншектер қатары жыл сайын артып келеді. Егер 2021 жылы олардың саны 393 болса, 2024 жылы 452-ге жетті.

Зауыттағы әйелдер ұзақ жылдар бойы еңбекқорлық, қызметіне деген адалдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін танытуда. Олардың өнімді қызметі өндірістік көрсеткіштерде көрініс тауып жүр. «АМӨЗ» ЖШС еңбеккер әйелдерді қолдау мен дамытуға ерекше мән береді. Нәзік жанды мұнай өңдеушілердің еселі еңбегін аймақ басшылары, салалық министрлік, ҚазМұнайГаз бен ел Президенті де жоғары бағалайды.

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe