Майдангерге көше атауы берілді

26.07.2017
1333 views

Атырау іргесіндегі Еркінқала  ауылындағы жаңа бой көтерген көшелердің біріне осы елді мекеннің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қуан Тілеумашевтың есімі берілді. Жуырда көшенің салтанатты ашылу рәсіміне  ардагердің  ұрпақтары  мен ауыл ақсақалдары, тұрғындары қатысып майдангер туралы естеліктерімен бөлісті. Осындай айтулы шараға Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагерлері де қатысып, өз игі лебіздерін де білдірген еді. 

Ұлы Отан соғысының ардагері Қуан Тілеумашев 1916 жылы Ракуша ауылында туған екен. Осы еркінқалада орта білім алады. 1933 жылы ФЗУ-ды бітіріп келіп, Гурьевтегі бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын техникумда екі жыл білімін жетілдіреді. Ракушада бастауыш мұғалімі қызметін атқарып жүрген Қуанды 1939 жылы әскер қатарына шақырады. Елге оралғалы жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылдың аяқ шенінде Белоруссиядағы кескілескен ұрыста ауыр жараланады. Ресейдің әскери госпитальдарында емделіп, 1942 жылы елге қайтарылады. Ауылға келген соң, колхоздың хатшысы болып еңбек етеді. 1943 жылы соғысқа қайтара алынып, Астрахань қаласында құрылған №4413 әуе атқыштар бөліміне жіберіледі. Бұрын соғыс көрген сарбаз әскери бөлім басшыларының көзіне бірден түседі. Жас сарбаздарға үлгі бола білген Қуан Тілеумашев партия қатарына алынады. Осы әскери құрама сапында майдангер Сталинград, Светлый Яр, Ростовты алу шайқасына қатысады. Ұлы Жеңісті Польша жерінде қарсы алады. Майдан даласындағы ерлігі ескеріліп, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Сталинградты алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады. Елге оралған соң аздаған уақыт мектепте бала оқытады. Ол кезде ерлердің көбі майдан даласында қаза тапқан, колхозды көтеретін ер азаматтар тапшы еді. Қуан Тілеумашев партияның нұсқауымен балық колхозын дамытуға атсалысады. Сталинград қаржы техникумында білімін жетілдіріп, шаруашылықта есепші қызметін атқарады. 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанша балық колхозының өсіп-өркендеуіне барынша үлесін қосты. Жары Елеукен Тілеумашева екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер 1991 жылы 75 жасында ұрпақтарының ортасында дүние салды. Балаларының бәрі де бүгінде ұрпақ өрбітіп, сан-салада қызмет етіп жатыр.

      Ұлы Отан соғысының ардагері Қуан Тілеумашевтің атына көше беру рәсімінде Еркінқала ауылдық округінің әкімі Ерғали Тапанов, Балықшы аумақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдуллиндер сөз алып, майдангердің өнегелі өмір жолын ауылдастарына әсерлі әңгімелеп берді. Ардагердің ұрпақтары да салтанатта қала әкімдігі мен ауылдық округ әкіміне, ардагерлер кеңесіне алғыстарын жеткізді. Жоғарыда айттық, Қуан Тілеумашевтан 10 бала тарағанын. Оның ортаншыларының бірі бүгінде зауыт ардагері атанған Кәмшат Тілеумашева болатын. Оны бұрынғы әріптестері, зауыт зейнеткерлері арнайы жиналып келіп құттықтады. Ауылда зауыт ардагерлері Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар аруағына тағзым етті.

Кәмшат Тілеумашева, зауыт ардагері, майдангер Қ.Тілеумашевтің қызы:

-         10 ағайындымыз. Мен баланың бесіншісімін. Әкеміз бәрімізді де қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа үйретті. Өзім қаладағы №13 кәсіби училищені бітіріп, компрессор машинисі мамандығын алып шықтым. 1979 жылы зауыттағы ЖЭО жұмысқа тұрдым. Содан табан аудармастан 30 жылдан аса қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде әкемізден тараған балалардан 20 –ның үстінде немере, 30-дан астам шөбере бар. Шүкір әкеміздің атына кір келтірмей ұрпақтары жайылып жатыр. Немерелерінің өзі азамат болып, отау құрып жатыр. Әкемізге көше беру рәсіміне келген ауыл әкімі де, жиналған ақсақалдар да оның көзін көрген. Естеліктерін айтып жатыр. Жыл басында әкеміздің құжаттарын жинастырып, қалалық әкімдікке өткізгенбіз. Көп кешікпей осы ауылда бой көтерген жаңа көшенің біріне есімін беру жөнінде қала әкімінің шешімі шығыпты. Бәріне ризамыз. Зауыт ардагерлер кеңесінің бір жиынында ұрпақтары осындай игілікті істі қолға алдық деп айтқан болатынмын. Біздің зейнеткерлер қолдап, тілеушіміз болды. Міне, Еркінқаладағы көше атын әкемнің атына беру салтанатына олар жиналып келіп құттықтады. Майдангердің ұрпақтары атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. 

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe