Атырауда 6 мамырда Ұлы Жеңіске арналған тұңғыш рет жеңіл атлетикалық жаппай жүгіру марафоны өтті. 2000-нан астам атыраулық қатысқан марафон 10 және 21 қашықтықты құрады. Олар алдын ала дайындалған маршрут бойынша «Атырау» халықаралық әуежайынан «Мұнайшы» стадионына дейін жүгіріп шықты.
Мұнайлы астанада тұңғыш рет мәресін ашқан шараға мекемелер мен ұйым қызметкерлері, студент жастар мен шетелдердіктер көптеп қатысты. Екі мыңға жуық атыраулық қатысқан марафоншының арасында мектеп оқушыларынан бастап 70-тен асқан қария да, мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Осындай ауқымды шарадан Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Марафонға 50-ден астам зауыттық қатысуға тілек білдірді. Олардың бір бөлігі 10, кейбірі 21 шақырымдық қашықтықты таңдады. Марафонға қатысушыларды тіркеу бір ай бұрын басталған болатын. Оған дейін жергілікті телеарна мен мерзімді баспасөздерде және әлеуметтік желіде арнайы хабарландыру жарияланды. Қатысушыларды тіркеу 6 мамыр күні жүгіру басталатын уақытқа дейін жүргізілгенін атап өткеніміз жөн. Себебі, ұйымдастырушылар ауқымды марафоннан тілек білдірушілердің барынша қамтылуына жағдай жасады. 10 шақырымдық қысқа айналым халықаралық әуежайдан бастау алатын болды. Мәреге жиналғандар алдымен денесін үйретіп алу үшін сергіту жаттығуларын жасады. Қатысушылар алдында Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов шығып, жылы лебізін білдірді: - Марафон қаламызда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Мақсатымыз-салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарымызды бұқаралық спортқа көптеп тарту. Бүгін міне, қатысушылардың легін көріп, риза болып тұрмыз. Бұл сайыс енді дәстүрлі жалғасын табарына сенеміз,-деді. Шаһар басшысы марафоншылармен бірге ілесіп жүгірді. 10 шақырымдық марафонның бағыты: Әуежай-Сәтбаев көшесінен Орталық көпірге дейін, одан соң Жайық жағалауымен Орталық стадионға дейінгі қашықтықты құрады. 21 шақырымдық бағыты: Орталық стадионнан Жайық жағалауы арқылы Орталық көпірге дейін, одан соң Сәтбаев көшесі арқылы халықаралық әуежайға дейін және кері қарай.
10 шақырымдық қашықтыққа жүгірушілердің бастапқы легі Орталық стадионға бір сағатқа жетпейтін уақытта келе бастады. Жеңімпаздар жас шамасына және мәре сызығына жетуіне қарай сараланып, бірінші, екінші және үшінші орындар иеленді. Атырау мұнай өңдеу зауытынан қатысқандар арасында МТӨК технологиялық қондырғысының операторы Мейірбек Қасымұлы, МТӨК ауысым бастығы Дәурен Қадыров, МТӨК технологиялық қондырғысының операторы Сәттібек Қалимов және зауыт басқармасы сатып алуды рәсімдеу маманы Әлішер Ақтаубаевтар сайыстың «Алтын» жүлдесін иемденді. Ал, МТӨК ауысым бастығы Азамат Жолымбетов «Күмісті» қанжығаласа, зауыт басқармасы жоспарлау және сатып алуларды ұйымдасатыру бөлімінің маманы Әмір Ақтаубаев «Қолаға» ие болды. Осылайша зауыттықтар жалпықалалық марафонға қатысып, жүлдегерлер атанды.
Дәурен Қадыров, МТӨК технологиялық қондырғысының операторы:
- Салауатты өмір салтын ұстанамын. Спортты бала езден серік етеп келемін. Атырауда марафон өткізілетінін естіген бойда, алғашқылардың бірі болып тіркелдім. Дайындалдым. Менімен қатар зауыттан бірнеше әріптесім қатысты. Кәсіпорынның абыройын асқақтаттық деп ойлаймын. Бұл бәріміздің жеңісіміз. Осындай марафон алда дәстүрлі өтіп тұрса, халық бұқаралық спортқа бетбұрыс жасарына сенемін.
Back to news list