Қан майданнан жеңіспен оралған сарбазды туған жері сағынышпен қарсы алған. Тылдағы ел барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін барын салып, жағдайы қожыраңқырап қалған болатын. Шал-кемпір, әйелдер, бала-шаға. Осылар таңның атысы мен күннің батысын білместен тылда жанқиярлықпен еңбек еткендер. Қатарластарының көбі майдан даласында қалды. Аман-есен оралғандары сирек-тін. Мүгедектері бар. Өзі де екі рет жеңіл жарақат алған. 1944 жылы Батыс Еуропада ауыр жараланды. Әскери госпитальда бірнеше күн ес-түссіз жатып, дәрігерлердің көмегімен жаны қалған. Көретін жарығы бар екен. Елге келісімен халық шаруашылығын көтеруге бел шеше кірісті.
Рахмет Күзенбаевты Гурьев әскери комиссариаты 1942 жылы майданға алды. Осы жылы еді, Атырау өңірінен өрімдей жастардың көптеп соғысқа аттанғаны. 22 жастағы Рахмет соғыс басталғанда-ақ, сұранған. Бірақ, жұмыс күші қажет болып, бірер жыл қалдырған. Бұл кезең Ленинградтың фашистерді қоршауға алған, Сталинград үшін кескілескен ұрыс болып жатқан шақ. Майданға алынғандарды тиеген пойыз жүйткіп батысты бетке алған. Сарбаздар алдымен үш ай дайындықтан өтті. Одан соң Рахметті 530-шы атқыштар полкіне бөлген. Міне, осы әскери құрамада ол соғыстың соңғы күніне дейін фашистермен айқасты. Батыс Еуропа аумағында ауыр жараланбағанда, Берлинді де алатын еді. 1943 жылы жауға қарсы шабуылды бастап тұрғаны еленіп, сарбаздардың жоғары марапаты «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Австрияны азат етуге дейін барды. «Отан соғысы» орденімен, «Германияны алғаны үшін» медалімен наградталды. Елге оралған соң, жаңа салынған №441зауытқа (бүгінгі Атырау мұнай өңдеу зауыты) жұмысқа тұрған. №4 цехта 30 жыл бойы оператор болып жұмыс атқарды. 1976 жылы құрметті демалысқа шықты. Майдангер артында абыроймен еңбек ететін шәкірттерін дайындады, екі мәрте зауыттың Құрмет кітабына енгізілді. Зейнетке шықса да немерелеріне шаруаның мәнін үйретіп, мал ұстауға машықтандырды. Алайда, соғыс жарақаты сыр беріп, 1990 жылы 69 жасында дүние салды. Ардагердің артында жұбайы, балалары немерелері қалды. Немерелерінің алдын көріп батасын да беріп кетті. Жұбайы Жібек Күзенбаева бүгінде немере-шөберелерінің арасында. 92 жасқа қараған қарт ана әлі де тың. Өткенінің бәрі есте. Майдангер екеуі тербиелеп өсірген сегіз баладан 24 немересі бар. Шөберелерін де көріп отыр. Қария олардың санынан шатасады. Заңдылық шығар.
- Өзім мына іргедегі Алғабастың тумасымын. Соғыс басталған уақта 15 жастамыз ғой. Ол кезде Кеңөзек колхозы. Үлкендер майданға кетті. Елде әйелдер, қарттар қалды. Бас көтеретін біз қатарлыларды жұмысқа салды. Оған шағымданған жоқпыз. Елдегі жағдайды түсінетінбіз. Мал бақтық, шөп ордық. Жеңіс күнін асыға күттік. Соғыс біткенде бізден аса қуанған жан болмаған шығар. Міне, енді сол Ұлы Жеңістің 72-ші көктемін көріп отырмын. Рахмет екеуміз 1947 жылы отау құрдық. Ол зауытта жұмыста болатын. Осы Алғабастан қатынап жұмыс істеді. Соғыстан жараланып келгенін білдірткен де, міндет еткен де емес. Ел қатарлы қызмет қылды. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Мен шаңырақ құрғасын бала тәрбиесімен айналысып үйде отырдым. Ол түзде түздің шаруасында. 8 бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де бүгінде үй-жайлы болған. Кенжемнің қолында отырмын. Айтқандай ол да әкесінің жолын жалғасытырып зауытта еңбек етеді. Жиендер де зауытта. Немерелерім бар, шүкір. Шөберелерімді көрген бақытты адаммын, айналайын,-деп ағынан жарылды Жібек әжей.
Үйдің кенжесі Құбай Күзенбаев бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытында сумен жабдықтау және судан ажырату бөлімінде бірнеше жылдан бері еңбек етеді. Майдангер салған сара жолды жалғастырған ұлағатты ұрпағы бүгінде қанатын жайып өркендеп келеді.
Back to news list