Қаһарман ел сенімін ақтады

06.09.2016
1638 views

Жас палуан Қазақстанның атын тағы бір мәрте әлемге әйгіледі. Францияның Макон қаласында 29 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өткен грик-рим күресінен әлем чемпионатында жастар арасынан 66 келі салмақта атыраулық палуан Қаһарман Қисыметов күміс жүлдені қанжығалады.

    Қаһарман Қисыметов Франциядағы Әлем біріншілігінде өз салмағында алдымен болгарлық палуанды басымдықпен тізе бүктірді. Одан соң, Түрік және Армиян спортшыларын да айырықша тактикалық шеберлігімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Боз кілемде әзірбайжандық палуан Қаһарманға біразға дейін жеңістік бермеді, күрес техникасы мен шеберліктері тең еді. Соңғы айқаста біздің палуан айласын асырып, тау спортшысын жер жастандырды. Осылайша жерлесіміз Әлем чемпионатының финалына шықты. Финалдық тартыс әрине, оңай болған жоқ. Алтынды қолдан бермеуге бекінген Грузин палуаны әп -дегеннен, басымдығын көрсетті. Ол бұған дейін әлемдік боз кілемде тәжірибе жинаған, тісқаққан спортшы еді. Қаһарман да біразға дейін бар күшін салып, күрес амалдарын салып бақты. Дегенмен, айласы зор грузиндік жеңіске жетті. Тұңғыш рет әлемдік спорт аренасына шыққан Қаһарман үшін Әлем бірінішілігінің күміс жүлдесі үлкен табыс болатын. Бұл біздің палуанның болашағы жарқын екенін бір дәлелдегендей.
    Александр Поливадов, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қ.Қисыметовтің жаттықтырушысы: «- Бұл біз үшін, Қазақстандық және Атырау грек-рим күресі Федерациясы үшін үлкен табыс. Бұған дейін біздің палуандар Азия біріншілігінде топ жарғанмен, әлемдік додада жеңіске жете алмай сағы сынатын. Осы сайыста Қаһарман ерледі. Басқа да қазақстандық палуандардың болашағына сенім ұялатты. Мен өзім бірнеше жылдан бері Қаһарманды күреске баулып, жаттықтырып келемін. Оның бойында чемпионға тән қайсарлық, батылдық және алға ұмтылыс бар. Болашақта палуаннан зор үміт күтеміз. Әрине, осындай жеңіске қол жеткізуімізге үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан Атырау мұнай өңдеу зауытының Бас директоры-Атырау облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі Федерациясының президенті Қайрат Оразбаевқа, вице-президенті Кенжебек Шахметовке алғысымызды білдіреміз».  
     Бұған дейін Қаһарман Қисыметов Филипинде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында құрлық жеңімпазы атанып, алтын жүлдені қанжығалаған болатын. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері енді келер жылы өтетін боз кілемдегі додаларға дайындық жаттығуларына кіріспек.

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe