Табиғат аясындағы мереке

05.09.2016
1372 views

   Өткен жексенбіде Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы «Бесікті демалыс орнында» табиғат аясында мерекелік думан өткізді. Демалыс аумағы көгалмен көмкерілген, бір жағы Жайық өзенімен шектеседі. Тоғай ағаштары сән берген демалыс орнында әуесқой балық аулауға, суға шомылып серпілуге және бақ ішінде сейілдеуге барлық жағдай жасалған. Зауыт ұжымы бұл күні демалыс аумағына таңертеңгіліктен бастап ұйымшылдықпен жиналып, күн көзі көтерілгенше мерекелік мәдени-көпшілік іс-шараларын бастап кетті. Бұл тұрғыда демалысты мәнді де сәнді ұйымдастыруға атсалысқан зауыт белсенділерінің еңбегін атап өткеніміз жөн.   

<p>
     Ертемен демалыс орнының көрермендер алаңына жиналған зауыттықтар ән ырғаымен мың бұрала билеп, сергіп алды. Осы жерде түрлі би әуеніне шебер билегендер зауыт тарапынан ынталандыру сыйлығына ие болып жатты. Табиғат аясындағы демалыстың басты мақсаты да қызметкерлердің бір мезгіл емен-жарқын араласып, өзара ынтымағын арттыру. Бұл үрдістен зауыттықтар шыға білді деп ойлаймыз. Мерекелік думанды ашқан Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының міндетін атқарушы Денис Козырев, зауыттықтарды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, кәсіпорынның соңғы жетістіктерін атап өтті. Зауыттықтардың жұмысына сәттілік тілеп, отбасыларына бақ-береке тіледі. Одан соң сөз алған Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Шахметов кәсіби мерекенің маңызын аша отырып, мұнай өңдеушілердің жергілікті және елдегі экономиканың дамуына қосқан үлесіне айрықша тоқталды. Зауыттықтардың да көңілі мерекеде көтеріңкі болатын. Себебі, бір мезгіл қаланың күйбің тірлігінен жырақта өткізген демалыстың, көңіл көтерудің өзі бір ғанибет болатын. Табиғаттың тамылжыған ортасында зауыт көркемөнерпаздары өнерлерін паш етті. Олар жуырда ғана өткен таланттылар байқауында жеңімпаздар атанғандар еді. Зауыттықтар ән шырқады, би биледі. Ардагерлердің де батасына құлақ түрді. Зауыттың құрметті зейнеткерлері атынан сөз алған Павел Демяшев ізбасарларына игі тілегін білдірді. Аталар бастап берген өнегелі жолды жалғасытрушы мұнай өңдеушілерге ақ батасын берді.
</p>
<p>
               Мерекеде ұйымдасытрылған спорттық сайыстардың да өзіндік ерекшеліктері бар еді. Зауыттықтар өз бөлімше, цехтарымен өзара арқан тартыстан, футбол, волейболдан және кір тасын көтеруден бақ сынады. Арқан тартыс сайысында Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің ұжымы бірінші орынды жеңіп алып, футболдың да бас жүлдесін қанжығаларына байлап кетті. Волейболдан ароматикалық көмірсутектер өнідірісінің командасы бірінші тұғырға көтерілді. Кір тасын көтеруде Мұнай өңдеу өндірісі кокс және күкірт өндірісінің тағылымдамадан өтушісі Бақытбек Бектемісов барлық қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Спорттық сайыстардағы барлық жеңімпаздарға зауыт басшылығы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.
</p>

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe