Аталған ережелерде қандай мақсаттар көзделген? Бұдан қарапайым жұмысшыға келіп-кетер қандай пайда бар? Осы және басқа да мәселелер туралы Ұлттық компанияның адами ресурстарды басқару және еңбекақы төлеу департаменті бастығының орынбасары Калдыбатыр Нұржан Сәрсенбайұлы және осы департаменттің жетекші маманы Жакенова Еркеш Нұрсапақызы кеңінен әңгімеледі.
Жиынға Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілдерімен қатар «Ембімұнайгаз» АҚ, «КазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау филиалы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Сатпаев Оперейтинг», «Жамбыл Петролеум», «Қазақойл - Ақтөбе», «Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкерлері және Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің салалық Кәсіподақ төрағасы Қосан Тасқынбаев қатысты. Кездесуді «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер Денис Козырев ашты.
Сонымен, ережелерге жеке-жеке тоқталайық. «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰҚ еншілес және тәуелді ұйымдарындағы жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы ішкі қарым-қатынастардың бірегей жүйесінің типтік ережелері ішкі қарым-қатынасты қалыптастыру және қолдау тәртібін анықтайды.
Нұржан Сәрсенбайұлының сөзінше, жұмысшылар көтеретін кей мәселелер басшылыққа жетпей, жарты жолда қалады. Яғни кері байланыс жүйесі жұмыс жасамайды деген сөз. Жұмысшы ұйымдағы барлық жаңалықтан толық хабардар болуы және оның жұмыс берушімен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндігі болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Ереженің «сұрайтыны» осы.
Ендеше, ереженің қандай жаңалығы болмақ? Мұнда ішкі қарым-қатынастың үш түрі қамтылған: ұйымдастырушылық, ақпараттық және сараптамалық-коммуникативтік.
Ұйымдастырушылық ішкі қарым-қатынас түрлері ретінде Бірінші басшының еңбек ұжымымен жоспарлы есептік кездесуі, желілік басшының бөлім, учаске, цех жұмысшыларымен кездесуі, Бірінші басшының шұғыл мәселелерді шешу мақсатындағы еңбек ұжымымен кезектен тыс кездесуі және жұмысшыларды жеке мәселелер бойынша қабылдау.
Бұны нақты біздің зауыт үшін жаңалық деп қабылдау орынсыз болар. Өйткені, еңбек ұжымдарымен жүздесу, олардың жағдайымен жете танысу зауыт басшысы Қайрат Құлымұлы Оразбаевтың жіті назарындағы мәселе.
Ережеде қарастырылған ақпараттық қарым-қатынастар түрлерінің бірқатары зауытта қолданыста. Олар: Бірінші басшының блогы, ұжымдық ақпараттық сайт және ұжымдық газет. Ережеде ақпараттық қарым-қатынастың бір түрі ретінде бейне-хабарландыруларға арналған монитор және ақпараттық стенд орнату көзделген. Сонымен қатар, ұсыныстарға арналған жәшік орнату, қызметкерлер арасында сауалнама жүргізу де қарастырылған.
Сараптамалық-коммуникативтік қарым-қатынастар түрлері ретінде кәсіби байқаулар, спорттық шаралар, ұжымдық мерекелер және табиғатқа саяхаттау ұсынылған. Біле білсеңіздер, мұның барлығы да зауыттықтар үшін етене таныс нәрсе.
Айта кеткен жөн, ережеде қамтылған қарым-қатынас түрлерінің қай-қайсысы да өзекті, оған дау жоқ. Сондықтан да болар, қатысушылар тарапынан бұл тұрғыда сауалдар туындаған жоқ.
Керісінше, «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰҚ еншілес және тәуелді ұйымдары қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің типтік ережелеріне қатысты пікір айтушылар аз болмады. Жұртшылықтың талқысына түскен тақырып – ережедегі кепілдендірілген әлеуметтік төлем мөлшері. Барлығымызға белгілі, ағымдағы жылдың сәуірінен бастап мұнай өңдеу зауыттарында бірегей әлеуметтік ережелер қолданысқа енді. Бұл туралы біздің оқырмандарымыз толық хабардар. Жасыратыны жоқ, жаңа ережелер әлеуметтік пакетті бірқыдыру «тарылтты». Жаңалықтары да жоқ емес. Атырау мұнай өңдеу зауыты жастар кеңесінің төрағасы Юрий Кустадинчев оқу демалысына берілетін төлем мөлшерінің қысқартылуына қатысты өз пікірін білдірді.
- Бұған дейін оқу орындарында білім алып жатқан қызметкерлерге сессия немесе диплом жұмысын қорғау кезінде берілетін оқу демалысының төлемақысы орташа айлық көрсеткіш мөлшерінде болса, жаңа ережеге сай бір айға 2 ең төменгі еңбекақы мөлшерінде беріледі. Бұл шамамен 38 мың шамасында. Бізді осы мәселе толғандырады, - деді зауыт жастары атынан сөз алған Юрий Кустадинчев.
№6 цех комитетінің төрағасы Аля Ковалева барлық зауытқа бірдей әлеуметтік төлемдер белгілеу қисынсыз екендігін айтып, экологиялық жағдай, курорттық зоналардан шалғай орналасуы, тағы да басқа тұрғылықты жердің ерекшеліктері де ескерілсе деген ұсынысын айтып қалды.
Алайда Ұлттық компания өкілінің: «Біз ешқандай төлемге шектеуге қоймаймыз! Бұл тек ең төменгі кепілді әлеуметтік төлемдер. Егер кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы тартса, бұдан да жоғары мөлшерде белгілеуіне мүмкіндігі бар», - деген сөзі әңгіме ауанын өзгертіп, сауалдардың барлығы осы маңайға әкеп топтастырды. «Атырау МӨЗ» ЖШС еңбек және қызметкерлермен есептесу бөлімінің бастығы Гүлнар Достанова осыған қатысты өзінің бірқатар сауалдарын жолдады.
Нұржан Қалдыбатыр: «Біз әлеуметтік төлемдерге шектеу қоймаймыз! Бұл тек ең төменгі кепілді әлеуметтік төлемдер. Егер кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы тартса, бұдан да жоғары мөлшерде белгілеуіне мүмкіндігі бар. Кейбір компанияларда бұған дейін мұндай әлеуметтік төлемдер қарастырылмаған. Бұл төменгі кепілді төлемдер осындай компанияларға арналып жасақталған».
Жасыратыны жоқ, жоғарыдан жеткен хат-хабарды еншілес ұйымдар бұйрық ретінде қабылдайды. Сондықтан да, қатысушылар бас компанияның осы сөзді нақты құжатпен куәландырғанын қалайды.
Толассыз сауалдарға Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің салалық Кәсіподақ төрағасы Тасқынбаев Қосан Мыңбайұлының сөзі нүкте қойды.
– Ең алдымен Кәсіподақ ұйымының жұмысы мықты болуы тиіс. Жұмысшылардың мүддесі қорғалуы шарт. «Былай жасасақ бола ма?» деп сұраудың қажеті жоқ, нені қалайсыздар, соның Ұжымдық шартқа енгізілуін талап етулеріңіз керек. Мұның барлығы біздің өзімізге, яғни жұмысшыларға, біздің жақсы өмір сүруге деген ұмтылысымызға, ең бастысы – Жұмыс беруші мен жұмысшылардың келісе білуіне байланысты.
Иә. Алда ережеден кеп туындайтын бірқатар міндеттер тұр. Егер Ұлттық компания өкілі айтқандай, ережедегі әлеуметтік төлемдер тек минималды кепілді мөлшерде көрсетілген болса, осы бағытта бірқатар өзгерістер орын алуы бек мүмкін. Мұны алдағы уақыт көрсетеді.
Back to news list