Зауыт жанындағы тіл үйрету курстары тыңдаушыларға тек мемлекеттік тілді меңгертіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен таным-түсінігі, елдің қалыптасу және даму тарихын насихаттауға да айрықша назар аударып келеді.
Осы орайда ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай қазақ тілі оқытушысы Ғалия Исмурзинаның ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Ашық сабақ барысында тіл үйренуші өзге ұлт өкілдері елдігіміздің басты нышандары саналатын Ту мен Елтаңба авторлары, түстер мен элементтердің қолданылуы, олардың халық танымындағы мәні мен маңызы турасында кең ақпарат алды. Тыңдаушылардың ашық сабақ барысында игерген білімдері түрлі сұрақтармен пысықталып, мемлекеттік рәміздерді жырға қосқан ақындар шығармаларынан үзінділер оқылды. Ашық сабақ курс тыңдаушыларының орындауындағы Әнұранмен аяқталды.
- Біздер тыңдаушыларымыздың білім деңгейін ұдайы тексеріп, сынақ жұмыстарын өткізіп тұрамыз. Осындай жұмыстар барысындағы басты талаптарымыздың бірі – олардың Әнұранды жатқа білуі. Содан болса керек, ашық сабақ барысында тыңдаушылар Әнұранды бір кісідей мүдірмей шырқаған кезде ерекше риза болдым, - дейді Ғалия Қожантайқызы.
Оқытушының айтуынша, зауыттықтардың тіл үйренуге деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Олардың қатарында жоғары нәтиже көрсетіп жүргендері де көптеп саналады. Шәкірттері арасынан Аня Карепова, Анастасия Дворянчик, Михаил Бочков, Артем Черенков, Делявер Омурбековтерді айрықша атап көрсеткен Ғалия Исмурзина мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіргендерге көмек көрсетуге әзір екендігін де айтты.
Back to news list