Атырау МӨЗ 10 айда 4,7 млн тонна мұнай өңдеді

18.11.2026
42 views
Атырау МӨЗ 10 айда 4,7 млн тонна мұнай өңдеді
Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында (Атырау МӨЗ) болды.

Өндірістік жиын барысында зауыт қызметінің нәтижелері мен инвестициялық жобалардың іске асырылуы талқыланды.

Ағымдағы жылдың он айында кәсіпорында шамамен 4,7 млн тонна мұнай өңделіп, 1,6 млн тоннадан астам автобензин, 1,7 млн тоннадан астам дизель отыны және 190 мың тоннаға жуық авиаотын өндірілді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 80,5%-дан, ал шикізат өңдеу тереңдігі 91%-дан артты. Бүгінде дизель отынын өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 6,6 мың тоннаны құрайды.

Атырау МӨЗ-де 17 стратегиялық және инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ұзартылған жөндеуаралық кезеңге көшу аясында 47 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстар 36%-ға орындалды. Жоба технологиялық қондырғыларды үш жылдық үздіксіз циклге көшіруге, сондай-ақ мұнайды терең өңдеу өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыруға бағытталған. Жөндеуаралық кезеңді ұзарту және тікелей айдалған нафта мен керосин-газойль фракциясын қабылдау үшін жеңіл мұнай өнімдерін құю эстакадасын техникалық қайта жарақтандыру жобалары мұнай өңдеудің жылдық көлемін 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сыртқы электр желілерін реконструкциялау, электр беру желісі мен резервтік газтурбиналық электр станциясын салып, автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесін енгізу нәтижесінде кәсіпорынды электрмен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, шикізат қабылдау үшін теміржол инфрақұрылымын кеңейту қарастырылған.

Атырау МӨЗ экологиялық мәселелерге де ерекше көңіл бөледі. Кәсіпорында шығарындыларды азайту үшін факел газдарын қайтару блогын салу жобасы жүзеге асырылуда. Резервуарларды понтондармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін 75 резервуардың 71-не понтондар орнату жоспарланған. Бұл шаралар әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайтуға көмектеседі.

Сондай-ақ қолданыстағы төрт экологиялық мониторинг бекетінде қосымша газ талдағыш құрылғылар орнатылуда. Олар атмосфералық ауа сапасының барлық белгіленген көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Еске салайық, 2026 жылдың қазан айынан бастап бекеттердегі деректер Атырау МӨЗ-дің ресми сайтында қолжетімді. Сонымен қатар экопосттардағы көрсеткіштерді әр 20 минут сайын тікелей «Қазгидрометке» жіберу жүйесі жолға қойылған.

Кәсіпорын мұнай өңдеу саласына қажетті мамандарды даярлауға да өз үлесін қосып келеді. Бұл мақсатта колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Атырау МӨЗ-нің тағылымгері» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы Атырау МӨЗ басшылығына инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтауды, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар мен кәсіпорынның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe