Атырау МӨЗ экологиялық жобаларға 67 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды

2 views
Атырау МӨЗ экологиялық жобаларға 67 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды
Атырау МӨЗ-де қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кәсіпорынның экологиялық қызметіне арналған брифинг өтті.
Зауыттың бас директоры Мұратжан Мұсайбеков пен кәсіпорын мамандары табиғатты қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жоспарлар туралы айтты.

2020–2026 жылдар аралығында зауыттағы атмосфералық шығарындылар көлемі 20,1 мың тоннадан 14 мың тоннаға дейін төмендеді. Ағынды сулармен бірге шығарылатын ластаушы заттар көлемі 23,2 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға, ал парниктік газдар шығарындылары 1,8 млн тоннадан 1,27 млн тоннаға дейін азайды. 2030 жылдың соңына дейін экологиялық жобаларды іске асыруға 67 млрд теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр.

Қаладағы жағымсыз иіске қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, зауыт өкілдері мұндай жағдайларға объективті баға беру үшін ауа сапасына әсер етуі мүмкін барлық ықтимал көздер мен факторларды кешенді түрде ескеру қажет екенін атап өтті.

Атырау МӨЗ бас директоры кәсіпорынның экологиялық жауапкершілігі аясында қоғаммен ашық диалог жүргізуге дайын екенін айтты.

Кездесу соңында қатысушылар өндірістік нысандарды аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Зауыт зертханасының мамандары күкірт өндіру қондырғысы, резервуарлар мен пештер орналасқан аумақта, сондай-ақ кәсіпорынның ағынды сулары жіберілетін булану алаңында ауа сапасына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде күкіртсутек пен көмірсутектердің шекті рұқсат етілген концентрацияларынан (ШРК) асу фактілері анықталған жоқ.

Брифингке қатысушылар булану тоғандарында Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстарды да көрді.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe