Мұнай өңдеушілер кәсіби мерекелерін атап өтті

04.09.2026
16 views
Мұнай өңдеушілер кәсіби мерекелерін атап өтті
Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Атырау мұнай өңдеу зауытында салтанатты іс-шара өтті.
Жиналғандарды мерекемен құттықтаған Атырау МӨЗ бас директорының орынбасары – бас инженер Нұрлан Ещанов зауыт ұжымының еліміздің энергетикалық және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтті. Ол кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерінің артында әр қызметкердің кәсіби шеберлігі, тәжірибесі мен жауапкершілігі тұрғанын айтты.

«Соңғы үш жылда зауытта бірқатар өндірістік рекордтар орнатылып, жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі артты. Жаңа технологиялар енгізіліп, өндірістік процестер автоматтандырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллект мүмкіндіктерін де өндірісте қолдана бастадық. Бұл өзгерістер мен жетістіктердің артында адамдар тұр. Кез келген технологияның жұмысы оны бақаратын адамның білімі мен тәжірибесіне байланысты. Сондықтан бүгінгі жетістіктеріміз – ең алдымен, ұжымымыздың ортақ еңбегі», – деді Н.Ещанов.

Іс-шара барысында зауыттың 39 қызметкері мен ардагері «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына, ҚМГ-нің төсбелгілері мен естелік белгілеріне, «Мұнай-газ химия саласына қосқан үлесі үшін» медаліне, Атырау облысы және Атырау қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарына, сондай-ақ зауыттың кәсіподақ ұйымының медальдары мен Құрмет грамоталарына ие болды.

Салтанатты шаралар аясында корпоративтік марапаттар да табысталды. Атап айтқанда, 41 қызметкер бас директор Мұратжан Мұсайбековтің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын иеленді. 59 жұмысшыға «Зауыт ардагері» және «Өндіріс үздігі» атақтары берілсе, тағы 30 еңбеккердің есімі Атырау МӨЗ-дің Құрмет тақтасы мен Құрмет кітабына енгізілмек. «Үздік механик», «Үздік қондырғы бастығы», «Үздік өндіріс бастығы» және «Үздік бөлім басшысы» номинацияларының жеңімпаздары да қошеметке бөленді.

Кәсіби мереке қарсаңында құрылымдық бөлімшелер арасында дәстүрлі көркемөнерпаздар байқауы өтті. Зауыт қызметкерлері өздерінің шығармашылық қабілеттерін тағы бір мәрте танытып, талант пен шеберліктің кәсіби ортада ғана емес, сахнада да көрініс табатынын дәлелдеді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталды.

Мерекелік бағдарлама зауыт қызметкерлеріне арналған тимбилдингпен жалғасады. Кәсіпорын ардагерлерінің құрметіне де арнайы мерекелік шара ұйымдастырылады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe