ҚМГ басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытында стратегиялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді

19.08.2026
21 views
ҚМГ басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытында стратегиялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді

«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытының негізгі өндірістік нысандарын аралап, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,6 млн тонна мұнай өңдеп, 1,2 млн тоннадан астам автобензин, 1,3 млн тоннадан астам дизель отынын және шамамен 148 мың тонна авиаотын өндіруді жоспарлап отыр. Бүгінде жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 80%-дан, ал шикізат өңдеу тереңдігі 90%-дан асты. Операциялық тиімділікті арттыру шараларының нәтижесінде дизель отынын шығарудың орташа тәуліктік көрсеткіші 2024 жылғы тәулігіне 5,5 тоннадан қазіргі таңда 7,1 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Атырау МӨЗ-де 17 стратегиялық және инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ұзартылған жөндеуаралық кезеңге көшу аясында қарастырылған 47 іс-шара жылдық шикізат өңдеу көлемін 5,5 млн тоннадан 6,1 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба 23%-ға орындалды. Жоба технологиялық қондырғыларды үш жылдық үздіксіз циклге көшіруге, сондай-ақ мұнайды терең өңдеу өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар сыртқы электр желілерін реконструкциялау, электр беру желісі мен резервтік газтурбиналық электр станциясын салып, автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесін енгізу арқылы кәсіпорынды электрмен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, шикізат қабылдау үшін теміржол инфрақұрылымын кеңейту қарастырылған.

Зауыт экологиялық мәселелерге де ерекше көңіл бөледі. Кәсіпорында шығарындыларды азайту үшін факел газдарын қайтару блогын салу жобасы жүзеге асырылуда. Резервуарларды понтондармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Атырау МӨЗ-нің тағылымгері» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мұнай өңдеу саласына мамандар даярлауға үлес қосып келеді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асхат Хасенов Атырау МӨЗ-і басшылығына инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтауды, өндіріс тиімділігін арттыруға арналған іс-шараларды жалғастыруды, кәсіпорынның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe