Саналы ғұмырының 46 жылдан астамын Атырау мұнай өңдеу зауытына арнаған кәсіпорын ардагері, еңбек ардагері, отандық мұнай өңдеу саласының дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман Юрий Константинович Шкодин 80 жасында дүниеден өтті.
Оның еңбек жолы Атырау мұнай өңдеу зауытымен тығыз байланысты. Ол кәсіпорындағы еңбек жолын 1969 жылы №7 цехта слесарь қызметінен бастады. 1971 жылы №3 цехқа ауысып, оператордың көмекшісінен цех бастығына дейін көтерілді. Терең кәсіби білімі, мол өндірістік тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті оны білікті маман әрі талапшыл басшы ретінде танытты.
Еңбек жолының көп бөлігін Юрий Константинович өзі ұзақ жылдар бойы басқарған №5 цехқа арнады. Оның басшылығымен цех ұжымы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, күрделі тапсырмаларды табысты шешіп, жаңа технологияларды игерді.
Юрий Константинович баяу кокстеу және мұнай коксын қыздыру қондырғыларын іске қосу жұмыстарына белсене атсалысып, кәсіпорын өндірісінің дамуына үлес қосты. Біліктілігін арттыру мақсатында АҚШ-тағы бейінді кәсіпорындарда арнайы білім алды. Озық өндірістік тәжірибелерді игеріп, туған зауытында тиімді қолданды.
Білікті басшы ретінде Юрий Константинович жас мамандарды даярлауға әрдайым ерекше көңіл бөлді. Ол өз білімі мен мол тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, зауыттағы кәсіби дәстүрлердің жалғасуына және ұрпақтар сабақтастығының нығаюына зор үлес қосты.
Ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі жоғары бағаланып, Юрий Константинович бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендері, сондай-ақ «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі бар.
Юрий Константиновичтің кәсіби жолы – Атырау мұнай өңдеу зауыты тарихының ажырамас бөлігі. Оның есімі кәсіпорын өндірісінің дамуы, сауатты мамандар буынының қалыптасуы және мұнай өңдеу саласындағы озық дәстүрлердің орнығуымен тығыз байланысты. Юрий Константиновичтің жарқын бейнесі, кәсіби шеберлігі мен зауыттың дамуына қосқан үлесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Back to news list