Атырау МӨЗ-дің 80 жылдығына орай мұнай-газ саласының 1 700-ге жуық қызметкері марапатталды

07.09.2025
257 views
Атырау МӨЗ-дің 80 жылдығына орай мұнай-газ саласының 1 700-ге жуық қызметкері марапатталды
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС 80 жылдығын атап өтті. Мерейтой апталығы барысында ресми кездесулер, зауытқа экскурсиялар, марапаттау рәсімдері, сондай-ақ «Даңқ жолы. Таспадағы тарих» деректі фильмі мен «Даңқ жолы. Суреттер сөйлейді» кітабының тұсаукесерлері өтті.

5 қыркүйекте Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сала ардагерлері мен зауыт қызметкерлері қатысты.

Шара қатысушыларының назарына Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібінің тұңғышы саналатын зауыт дамуының негізгі кезеңдері бейнеленген сирек мұрағаттық суреттер жинақталған фотогалерея ұсынылды.

Атырау облысы әкімі С.Шәпкеновтің айтуынша, АМӨЗ ұзақ жылдан бері өңірдегі өнеркәсіп саласындағы негізгі кәсіпорындардың бірі болып келеді. Ол зауыттың әлеуметтік және экономикалық дамуға қосқан зор үлесін, сондай-ақ мыңдаған азаматтарға тұрақты жұмыс ұсынып отырған сенімді мекеме ретіндегі маңызын атап өтіп, ұжымға жаңа жетістіктер тіледі.

ҚМГ басшысы А.Хасенов құттықтау сөзінде Атырау мұнай өңдеу зауыты — бірнеше буын мұнайшылардың қажырлы еңбегін бейнелейтін тарих, елдің индустриялық дамуының символы деді. Сондай-ақ ол мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚМГ компаниялар тобының 61 ардагері мен қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталғанын айтты. Олардың арасында Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагерлері де бар.

Атырау мұнай өңдеу зауыты отандық мұнай өңдеудің флагманы ғана емес, кадрлар шоғырын дайындайтын өндірістік мектеп. Бүгінде мұнда 2,5 мыңнанастам адам еңбек етуде. Кәсіпорынның дамуына ардагер мұнайшылардың қосқан үлесі орасан. Олардың ұзақ жылғы еңбегі мен мол тәжірибесі қазіргі зауыт жетістіктеріне іргетас болды. 1945 жылдан бері жұмыс істейтін алпауыт өндіріс бірнеше ондаған жылдан бері ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. ҚМГ үшін Атырау МӨЗ — негізгі активтердің бірі. Зауыт жаңа технологияларды енгізе отырып ауқымды жаңғыртулардан өтті және өзінің өндірістік тиімділігін арттырды. Осылайша кәсіпорын елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуда, — деді ҚМГ басшысы.

«АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов зауыт ардагерлері мен қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, кәсіпорын алдағы уақытта да өндірістік әлеует пен тиімділікті арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жалғастыратынын айтты.

Зауыт алдында өңдеу қуатын жылына 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту, жеңіл мұнай өнімдерінің үлесін 82%, ал өңдеу тереңдігін 92%-ға дейін жеткізу, өндірістік тиімділікті одан әрі арттырып, қоршаған ортаға әсерді азайту секілді стратегиялық міндеттер тұр. Бірлескен күш-жігердің арқасында межеленген мақсаттарға жететіндігімізге сенімдімін», - деді Қ.Бишімов.

6 қыркүйек күні зауытқа ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры Бақытжан Таубаев және сала ардагерлері келді.

 ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысының өндіріс алаңында «Атырау мұнай өңдеу зауытындағы алғашқы қондырғының падалануға берілгеніне 80 жыл» ескерткіш тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осы қондырғыда ұзақ жыл еңбек еткен зауыт ардагері Абдулла Бикбаев тақтаның ашылуы мұнай өңдеушілердің барлық буынына көрсетілген құрмет деді. Оның айтуынша, бұл символ бензиннің бірінші тамшысынан бастап елдің барлық мұнай өңдеу өнеркәсібінің қазіргі жетістіктеріне дейінгі ерен еңбекті еске салады.

Сондай-ақ қонақтарға Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңартылған Еңбек Даңқы тарихы музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Кейін олар жаңа аллеяға барып, ағаш отырғызды.

АМӨЗ-дің мерейтойы мен мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай кәсіпорынның 1700-ге жуық жұмысшысы мен ардагері салалық, ведомстволық, корпоративтік наградалармен және Атырау облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша АМӨЗ тарихи межеге жетіп, рекордтық 5,5 млн тонна мұнай өңдеді. Бюджетке 155 млрд теңге аударып, еліміздегі ең ірі 15 салық төлеушінің қатарына кірді. Оң динамика биыл да сақталып отыр: сегіз айдың ішінде шикізат өңдеу көлемі 3,9 млн тоннаға жетті. Мұнай өңдеу тереңдігі 88,6%, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 77,5%-ды құрады.

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe