Понтондар – мұнай және мұнай өнімдерін сақтауға арналған резервуарлардың ішіне орнатылатын арнайы қалқымалы құрылымдар. Олар көмірсутектердің булануын болдырмай, атмосфераға бөлінетін шығарындыларды азайтады, технологиялық шығындарды қысқартып, өнім сапасын сақтауға көмектеседі.
Зауытта понтонмен жабдықталуы тиіс 75 резервуар бар. 2018 жылы мұнайды терең өңдеу өндірісін салу кезінде автобензиндер мен мұнайхимия өнімдерін сақтауға арналған 51 резервуар қалқымалы құрылыммен жабдықталды. 2022–2023 жылдары 7 резервуарға понтон орнатылса, 2025 жылдың тамыз айында 2 сыйымдылық жабдықталды. Экологиялық бағдарламаға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін тағы 11 резервуарға понтон орнату жоспарланған. Қалған төрт резервуарды жабдықтау бағдарламаның келесі кезеңінде жүзеге асырылады.
Барлық понтондар АМӨЗ-дің арнайы тапсырысымен нидерландтық Maxwell Continental Tank Serv Engineering B.V. компаниясында әзірленді. Алюминийден жасалған қалқымалы құрылымдар жеңіл, коррозияға төзімді, оңай монтаждалады және жоғары өрт қауіпсіздігімен ерекшеленеді.
Понтондар әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоршаған ортаға эмиссиялар көлемі 5 340 тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 тоннаға азайды. Бұл нәтижеге жаңа понтондардың орнатылуы да ықпал етті.
Резервуарларды понтондармен жабдықтау жобасы АМӨЗ-дің экологиялық жауапкершілік қағидаттарына адалдығын растайды және қоршаған ортаның жағдайын жақсартудағы маңызды қадам болып саналады.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Back to news list