Жиналысқа «Атырау МӨЗ» ЖШС бастауыш партия ұйымы мүшелері, зауыттың бас директоры, «Нұр Отан» партиясының Республикалық саяси кеңесінің мүшесі Қайрат Оразбаев, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов, «Нұр Отан» партиясының Республикалық саяси кеңесінің мүшесі, қалалық маслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Бақытгүл Хаменова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы «АМӨЗ» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы Кенжебек Шахметов 2013-2014 жылдар аралығындағы жұмысы туралы баяндап, алдағы уақытқа межеленген жұмыстарға тоқталды.
«Нұр Отан» партиясының саяси ролі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс XV съезінде нақты айқындалды. 1200 делегат қатысқан съезд барысында партияның «Нұрлы болашақ жолында» доктринасы бір ауыздан қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, делегаттар қатарында зауытымыздың бас директоры Қайрат Оразбаев та болып, 50 пайызға жаңарған республикалық саяси кеңес құрамына мүшелікке сайланған болатын. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының жұмысы доктринада белгіленген басым бағыттар негізінде жүргізілуде. Бастауыш партия ұйымына зейнеткерлермен қоса алғанда барлығы 202 адам мүше, былтыр бұл көрсеткіш 184-ті құраған болатын. Зауытта 5 адам мүше болып табылатын саяси кеңес бар, соңғы екі жыл ішінде олардың қатысуымен жұмысшылар арасында Елбасының халыққа Жолдауларын насихаттау мақсатында кездесулер ұйымдастырылды. Бастауыш партия ұйымы мүшелерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар, кездесулер мен «дөңгелек үстел» форматындағы отырыстар өткізілді.
Зауытта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың аяқ алысы да партияның назарында. Құрылыс алаңдарында «Нұр Отан» партиялық бақылау бекеттері орнатылып, олардың әрқайсысына облыс және қала депуттаттары жауапты тұлға ретінде бекітілген.
Статистикаға көз салсақ, зауыттық кадрлық құрамы айтарлықтай жасарған. Бұл өз кезегінде кәсіпорында жастар кеңесін құру қажеттілігін туындатты. Биылғы жылдың ағымында құрылған зауыттың жастар кеңесі бастауыш партия ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді.
Бастауыш партия ұйымы жұмысын тиімді ұйымдастыруға зауыт әкімшілігі зор қолдау көрсетіп отыр. Осы мақсатта арнайы кабинет бөлініп, жөндеуден өтті. Соның арқасында апта сайын қоғамдық қабылдау өткізудің мүмкіндігі туды. Күні бүгінге дейін 30-ға жуық қызметкер ұйым төрағасының қоғамдық қабылдауына көмек сұрай келген. Ол азаматтарға түрлі деңгейде көмек көрсетілді.
Зауыттың бастауыш партия ұйымдары алдағы уақытта да жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал етуді жалғастыра түспек. Сондай-ақ, бейінді емес активтердің зауыт құрамынан шығарылуына байланысты партия Жарғысына сәйкес ұйым ішінен арнайы топ ашу көзделіп отыр.
Төрағаның баяндамасынан соң кезек жарыссөзге берілді. Зауыт зейнеткері Нұрсұлтан Достанов осыдан он бес жыл бұрын зауыт қабырғасында негізі қаланған бастауыш партия ұйымының қалыптасу жолын баян етті: «Бастапқыда 5 адам болып бастадық, кейін қатарымыз 200 адаммен толықты. Бүгінгі бастауыш ұйымның негізін жастар құрайтынын көріп, қуанып тұрмын», - деді ол өз сөзінде. Ақсақалдан соң сөз алған жас маман Қасиет Лұқпанов, зауыттың техникалық бақылау бөлімінің бастығы Альфия Распековалар өз ойларын білдіріп, атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді. Нәтижесінде бастауыш партия ұйымдарының қаулысымен 2013-2014 жылдардың жұмыс есебі бір ауыздан мақұлданды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша 7 адамнан құралған бюро мүшесі және бастауыш партия ұйымымың төрағасы сайланды. «Нұр Отан» партиясының Республикалық саяси кеңесінің мүшесі, қалалық маслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Бақытгүл Хаменова зауыттағы нұротандықтардың мұрындық болуымен атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, бұл жұмыстар игі жалғасын табуы үшін Кенжебек Шахметовты қайта сайлау жөнінде ұсыныс білдіріп, ол партия мүшелері тарапынан қолдау тапты. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов нұротандықтарға жаңа үлгідегі партиялық билеттерді тапсырды.
«Нұр Отан» - саяси күш, жұртшылықтың жоғын жоқтайтын халықтық партия. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы неғұрылым жүйелі болса, партияның беделі де соғұрылым биік боп, халықтың сеніміне ие бола алады. Ендеше, осындай жауапкершілікті арқалаған бастауыш партия ұйымдарының жұмысына жете мән бермеске болмайды. «Бүгінгі бас қосуда Атырау мұнай өңдеу зауытындағы «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының жұмысы қандай деңгейде екендігін өздеріңіз байқаған боларсыздар. Бастауыш партия ұйымы күнделікті өндірістік мәселелерді шешу, инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу, қызметкерлермен, жастармен жұмыспен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу ісінде белсенді жұмыс жасауда. Бастауыш партия ұйымы қағаз жүзіндегі емес, іс жүзінде белсенділігің арқасында Кәсіподақ сынды беделді ұйымға айналды. Жұмысшылар өздерін толғандырған мәселелер, сұрақтарымен бастауыш ұйымға барады. Біле білсек, бұл өте жоғары көрсеткіш. Әрине, мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта да жұмысты жандандыра түсуіміз керек. Бұл орайда зауыт басшылығы тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз», - деді жиналысты қорытындылаған зауыт басшысы, «Нұр Отан» партиясы республикалық саяси кеңесінің мүшесі Қайрат Оразбаев.
Назад к списку новостей