Депутаттар мен партия өкілдері, экобелсенділер Атырау МӨЗ-де болды

22.11.2025
147 просмотров
Депутаттар мен партия өкілдері, экобелсенділер Атырау МӨЗ-де болды
Кешенді экологиялық рұқсат алуға дайындық аясында Атырау мұнай өңдеу зауытына («АМӨЗ» ЖШС) облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен қоғам өкілдері келді.

Зауытты аралау барысында делегация мұнай сақтауға арналған резервуар паркіне барып, технологиялық шығындарды азайту және қоршаған ортаға әсерді төмендету бағдарламасының нәтижелерімен танысты. 2022 жылдан бері АМӨЗ-де резервуарларды понтондармен жабдықтау жобасы жүзеге асырылуда. Понтондар – мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын резервуарлардың ішіне орнатылатын арнайы қалқымалы құрылымдар. Олар көмірсутектердің булануын болдырмай, атмосфераға бөлінетін шығарындыларды азайтады және өнім сапасын сақтауға ықпал етеді. 2022–2023 жылдары жеті резервуар понтондармен жабдықталса, 2025 жылы тағы екі резервуарға қалқымалы құрылым орнатылды. Экологиялық бағдарламаға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін қосымша 11 резервуарға понтон орнату жоспарланған.

Кейін қонақтар ЭЛТҚ АТ-2 технологиялық қондырғысының жұмысымен танысты. Мұнда шикі мұнайсу мен тұздан тазартылып, ары қарай бензин, дизель отыны, мазут және басқа да фракцияларға бөлінеді. 2003–2006 жылдары АМӨЗ-ді жаңғыртудың бірінші кезеңі аясында оның жылдық қуаты 2 млн тоннаға дейін артты.

Келесі кезекте делегация Қазақстандағы параксилол өндіретін жалғыз ParamaХ қондырғысының жұмысы туралы ақпарат алды. Параксилол полиэтилентерефталат пен полистирол секілді мұнайхимия өнімдерінің негізгі шикізаты саналады. Нысан 2015 жылы іске қосылған. Жобалық қуаты жылына 496 мың тоннаға тең.

Мұнайды терең өңдеу өндірісі алаңында қонақтарға каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысы туралы түсіндірілді. Бұл қондырғы ауыр мұнай фракцияларын сұйытылған көмірсутек газы, бензин және жеңіл газойль секілді құнды өнімдерге айналдырады. Жылдық қуаты шамамен 2,4 млн тоннаны құрайтын жоба 2018 жылы іске қосылды. Нәтижесінде зауытта жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі артып, өңдеу тереңдігі жоғарылады.

Сапар барысында делегация зауыт мамандарымен кәсіпорынның экологиялық қызметінің негізгі бағыттары мен болашақ жобаларды талқылады.  Сонымен бірге жаңғыртудан өткен «Тарих және еңбек даңқы» залымен де танысты.

Айта кетейік, кешенді экологиялық рұқсат алуға дайындық шеңберінде «АМӨЗ» ЖШС Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен үш дөңгелек үстел өткізді. Жиындарда шығарындылар нормативтері, қалдықтарды басқару бағдарламалары, өндірістік экологиялық бақылау және зауыттың қоршаған ортаға әсерін төмендетуге бағытталған басқа да бастамалар жан-жақты қаралды.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу