Атырау МӨЗ-нда бензолдың алғашқы партиясы алынды

05.07.2015
610 просмотров

2015 жылдың 3 шілдесі Атырау мұнай өңдеу зауытының тарихына дамудың жаңа бір  белесі боп парақталмақ. Бұл күні ароматикалық көмірсутектер шығару кешеніндегі тәжірибелік – өнеркәсіптік сынама барысында  жаңа өнім – бензолдың  алғашқы партиясының алынуына  арналған   салтанатты шара өтті.  Шараға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев және бірқатар мемлекеттік  органдардың басшылары қатысты.   

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық мұнай-химия саласын дамыту мақсатында Атырау облысындағы қолданыстағы кәсіпорындар базасында мұнай-химия кластерін құру міндетін жүктеген болатын. Осы орайда Үкіметтік жоспар жасақталып, соның аясында  Атырау мұнай өңдеу зауытында жоғарыоктанды бензин өндірісінің көлемін арттырып, жылына 133 мың тоннаға дейін бензол және 496 мың тоннаға дейін параксилол   алуға мүмкіндік беретін ароматикалық көмірсутектер кешенінің құрылысы басталған еді.

Шарада алғаш болып сөз алған зауыт басшысы Қайрат Оразбаев бұл жобаның маңыздылығын айрықша атап өтті:

- Біз былтырғы   жылы  ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылысын сәтті аяқтадық.  Өткен жылдың 25 желтоқсанында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір барысында  кешенді іске қосу-баптау жұмыстары бастау алды.

Бүгінде технологиялық желілердің бөлігі  қалыпты  технологиялық режимде жұмыс істеп тұр. Біз октан саны 103 бірлік болатын жоғарыоктанды компонент өндірудеміз, ол өз кезегінде АИ-80 бензинінің өндірісін тоқтатып, ел сұранысына ие жоғарыоктанды бензин өндірісіне көшуге мүмкіндік беріп отыр.

К3, К4  стандарттарына көшу үшін бізге экологиялық тұрғыда қауіпті саналатын бензолды автокөлік бензині құрамынан бөліп алу қажет болды.        Бүгін, міне,  әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие бензол өнімінің алғашқы партиясын алып отырмыз.  Сондай-ақ бұл өнім Қазақстанның болашақ  мұнай-химия кластері кәсіпорындары үшін шикізат ретінде қолданылатын болады. Бұл біздің Астана күніне тартуымыз.

АМӨЗ - Қазақстанның мұнай өңдеу саласының тұңғышы, енді, міне, мұнай-химияны да бірінші болып игерудеміз.  Бұл біздің ортақ жеңісіміз.  Ағымдағы жылдың тамызында біз тағы да бір мақсатты өнім – параксилол алуды жоспарлап отырмыз.  Біздің кешен посткеңестік аймақтағы ең заманауи әрі ең ірі өндіріс болмақ.  Сондай-ақ, біздің алдымызда  2016  жылы   мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысын аяқтап, елді Евро 5 класына сәйкес келетін мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті тұр.  

Баршаңызға  қолдауларыңыз бен ынтымақтастықтарыңыз үшін алғыс білдіремін.       

Шарада сөз алған  Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың  зауыттықтарға деген ыстық ілтипатын жеткізді.

- Сіздерді  Елбасының  тапсырмасымен ел игілігі үшін шығарылып жатқан  бензол өнімінің алғашқы партиясының алынуымен құттықтаймын.  Бүгіннен бастап халықаралық және отандық нарыққа «Қазақстанда жасалған»  деген  маркамен жаңа өнім шығармақпыз.  Біз бұл арқылы Қазақстанда қолға алынған мұнай-химия кластерін өркендетуге жол ашамыз. Өйткені, бензол мен параксилол мұнай-химия өнеркәсібінің негізгі шикізаттары болып саналады. Сіздер өндірістік процестерді бір сәтке де тоқтатпай, Қазақстанда теңдесі жоқ өнім алдыңыздар. Бұл зор құрметке лайық іс. Сіздерді  осы жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!   

Билік өкілінің құттықтау лебізінен соң ароматикалық көмірсутектер шығару кешені CCR технологиялық қондырғысының  операторы химиялық талдауға жіберу үшін алғашқы сұрыптау жасап, оны орталық зауыт зертханасының сынама алушысына берді. Сынама зертханаға жеткізілгенге дейін  шараға қатысушы меймандар  өз лебіздерін білдіруді одан әрі жалғады.  

-  Бұл мақсатқа жетудің жолы оңай болған жоқ, біз бірақ  мұны іске асырдық, -  деді бас мердігер «Синопек Инжиринг» компаниясы қазақстандық филиалының директоры Чжэн Фуцян. -  Катализатордың үздіксіз регенерациясы және бензолды бөліп алу блогы бар каталитикалық риформинг қондырғысы – Қазақстандағы  ең алғашқысы. Мұнда К3 стандартты бензин, сондай-ақ, бензол мен сұйытылған газ шығаруға болады. Біз зауытта шығарылатын өнім сапасының артатына сенімдіміз. Сондай-ақ, тамыз айының соңына таман  РХ қондырғысын, ал келесі жылдың соңында МТӨК-н іске қосуға кепілдік береміз.   

Чжен Фуцян компания атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «АМӨЗ» ЖШС басшыларына, сондай-ақ  инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысушыларға алғысын білдіріп,  Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне қарқынды даму  тіледі. 

Жаңа кешеннің қуаты мен ауқымдылығын  «ҚазҚұрылысСервис» компаниялар тобы қазақстандық филиалының директоры Сергей Колесников те өз сөзіне арқау етіп, зауыт басшылығын, жергілікті атқарушы органдар мен жобаға қатысушы  қосалқы мердігерлерге  қолдаулары мен ортақ мүддеге   бағытталған жұмыс барысындағы ауызбіршілік үшін ризашылығын жеткізді.

Бұл аралықта орталық зауыт зертханасында сынамаға  химиялық талдау жасалып жатты. Меймандар мұның барлығын  алаңда орнатылған  led-экран арқылы тікелей эфирде тамашалады.  Сәлден соң реагенттер мен газдар зертханасының  аға зертханашысы  Марина Чукалина зауыт  диспетчеріне  ССR-дан алынған бензол талдауының қорытындылары туралы хабарлады. Ол төмендегідей: құрамдағы бензол - 99,97 % массалық,  ароматикалық емес көмірсутектердің үлесі - 0,02 % массалық,толуолдың үлесі - 0,01 % массалық,    1,4 диоксан үлесі – жоқ.

ССR технологиялық қондырғысының  операторы  Бауыржан Жәрдемов  зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевқа былайша мәлімдеді: «ССR қондырғысы бензолдық фракция айналымымен пайдаланылуда. Қазір бензолдың тауарлық өнім ретіндегі сапасын растайтын талдау қорытындысы алынды. Келесі тапсырманы күтемін..».  Оператордың мәлімдемесінен кейін бензолдың алғашқы партиясын сұйық қоймаға жөнелту жөнінде бұйрық беріліп, сол арада рация арқылы  №4 цех операторы Мұрат Сағындықовқа  ысырманы ашу туралы нұсқау берілді.  Міне, шешуші сәт – бензолдың алғашқы партиясы қазан паркіне жөнелтілді! Толассыз соғылған шапалақ!  Атырау мұнай өңдеу зауыты тағы бір межені бағындырды. Бұл жүзедеген адамның маңдай тері мен тынымсыз еңбегімен келген ортақ жеңіс!

Зауыт бағындырған бұл белес еңбек ардагерлерін де бей-жай қалдырған жоқ.  Шараға қатысқан ардагерлер бұл жетістікті  кәсіпорын тарихында ғана емес, еліміздің мұнай өнеркәсібінің даму жолында елеулі із қалдырар оқиға деп білетіндіктерін айтты.

-Зиянды қоспа болып саналатын бензол бензин құрамынан бөлек алынып, зауытта шығарылатын  өнімдердің қатары жаңа өніммен толығып отыр. Автокөлік бензиндерінің сапасын арттырып қана қоймай, мұнай-химия шикізаты болып саналатын жаңа өнімдерді игеру – зауыт ұжымының елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосқан үлесі деп білемін, - деді өзінің құттықтау лебізін білдірген зауыт ардагері Манарбек Бекберген. 

Әріптесінің лебізіне ортақтасқан Геннадий Яшков та зауыт тарихының жаңа бір парағы ашылғандығын айтты:

- Бензол өндірісі – күрделі процесс. Осындай қуатты өндірісті меңгерген зауыт мамандары енді параксилол өндірісін игермек.  Ароматикалық көмірсутектер шығару кешені Қазақстанның мұнай-химия кешенін дамытып, зауыт өнімдері экологиялық сипаттамаларды жақсартады деп сенеміз. Баршаңызды бүгінгі сәтті бастамамен құттықтаймын! -

- деді өз лебізін білдірген Геннадий Яшков. 

...Осылайша 70 жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты дамуының жаңа бір кезеңі бастау алды. Отандық мұнай-химия саласының дамуындағы бетбұрыс болып саналатын бұл шара атыраулық мұнай өңдеушілерді бұдан да биік жетістіктерге талпындырары сөзсіз.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу