Туған елге саяхат

09.11.2016
603 просмотров

     Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Туған елге саяхат» атты  жоба жасақтады. Мақсат – оқушылардың күзгі каникулында Қазақстанның тарихи және көрікті жерлеріне саяхаттатып елмен жақын таныстыру. Жоба аясында 29 қазан мен 7 қараша аралығында 12-15 жас аралығындағы 120 бала Астана, Байқоңыр, Түркістан және Алматы қалаларын аралап қайтты.   

    Саяхатқа жиналған оқушылардың 90-ы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобынан өндірістегі көп балалы жұмысшылар отбасының балалары және 30-ы республикалық ақпарат құралдары арқылы жарияланған байқау арқылы іріктелген. «Туған елге саяхат» жобасы аясында оқушылар аталған қалаларды аралап қана қоймай, тарихи ескерткіштер мен табиғи қорықтарды тамашалады, тыңғылықты ақпараттар алды. Тоғыз күн бойы өткізілген саяхаттан балалар жақсы әсер алғаны сөзсіз.

    Саяхаттың алғашқы күні балалар Астана қаласында Тұңғыш Президент мұражайын аралап, Елорданың нышаны «Бәйтеректі» тамашалады. Әлемде үшінші орынға ие «Астана-Опера» театрында болып классикалық өнерге қанықты. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы, Тәуелсіздік алаңы мен Қазақстан тарихы мұражайын көрді. Соңынан «Думан» ойын-сауық орталығында мұхитта мекендейтін балықтар мен жәндіктерді тамашалады. Кешкісін поезбен Байқоңырға сапарға шықты. Ғарыш айлағы орналасқан мекенге Төретам стансасы арқылы барды. Байқоңыр айлағының тарихи мұражайымен танысып, қаланың көрікті жерлерін аралады. Балаларға ракеталардың ғарышқа дайындап ұшыру сатылары көрсетілді. Космонавтарды шығарып салу дәстүренен хабардар болды. Одан әрі ежелгі Түркістан қаласына жол тартты. Мұнда олар Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп, ата-бабаларға зиярат етті. Балаларға Алматы қаласына саяхат та үлкен әсер қалдырды. Оңтүстік Астанада олар қаланың көрікті жерлерінен бөлек тау баурайындағы Медеу, Шымбұлақ спорттық кешендері мен Көктөбеде қыдырды. Шығыс қақпадағы Шарын шатқалдарына барып, табиғаттың әсем сырларына үңілді. Тоғыз күндік саяхатта оқушылар еліміздің тарихи мекендерін өз көздерімен көрді, танымдық әсер алып, бұрын бейтаныс жерлердің қыр-сырын біліп қайтты.

    «Туған елге саяхат» жобасына Атырау мұнай өңдеу зауытынан тауарлы мұнай өнімдері өнідірісінің операторы Қайрат Жоламановтың ұлы Ақжол Жоламанов қатысты. Жоламановтар көп балалы отбасы. Ақжол оқу озаты. Елге оралысымен одан саяхаттан алған әсерімен бөліскен едік:

-         Каникулдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. Саяхат Астанадан басталды. Бәрінен де маған Байқоңыр, Түркістан мен Шарын шатқалдарына саяхат үлкен әсер етті. Байқоңырда комонавтардың мұражайын көрдік. Олардың қалай ұшуға дайындалатыны, ұшу сапарына шығарып салу дәстүрін көрдік. Ғарыш айлағымен танысқанда құдды бір өзің космосқа ұшқалы тұрғандай әсерде боласың. Тұңғыш комонавт Ю.Гагарин туралы және қазақстандық космонавтар туралы көп мағлұматтар алдық. Түркістан қаласындағы кесенелердің ежелгі сәулеттік үлгісі, хандардың жатқан жері бәрі-бәрі бізды қызықтырды. Алматыда Медеу мен Шымбұлақ қатты ұнады. Ал, Шарын шатқалдары өте әдемі жер екен. Шатқалдардың биіктігі 200-300 метрге дейін барады. Бізге жергілікті адамдар түрлі аңыздарды айтып берді. Жол бойында да біз жалыққан жоқпыз. Бізді алып жүрген апайларымыз түрлі ойындар ойнатты, сканвордттар шештік, қызықты журналдар оқыдық. Бізге арнайы сөмкелер берілді. Оның ішінде бізге қажеттінің бәрі болды. Енді мектепте достарыма әсерімді айтып тауыса алар емеспін. Күшті саяхат болды. Тағы да болса екен, біздің еліміздің жерлері әдемі де тарихқа бай екен. Аралай бергің келеді.

   Міне, «Туған елге саяхат» жобасы балалар үшін қызықты да танымдылығымен ұмытылмастай әсер қалдырды. Ол әсіресе, жас ұрпақтың қалыптасуы мен ой-өрісінің кеңеюіне жол ашып, болашағына ынталандыру болмақ.

       

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу