Әз Наурыз мейрамы Атырау төрінде

25.03.2016
538 просмотров

Атырауда мерекеге арнап бірнеше ақшаңқан киіз үй тігіліп, алтыбақан тұрғызылды. 

Бірлігі жарасқан Атырау жұрты тайқазан көтеріп, наурыз көже әзірледі. Көпшілік жеті түрлі астан жасалған дәмнен ауыз тиді. Ал, мерекелік шараның негізгі бөлігі «Наурызнама» театрландырылған қойылымды халық тамсана тамашалады. Түрлі ұлттың киімін киген қыздар мың бұралып би билеп, күміс көмей әншілер ән салды. Сахнаға шыққан Қыдыр ата мен абыз ақсақалдар көпұлтты қазақ елінің тәуелсіздігі тұғырлы болсын деп тілесті.

Исатай -Махамбет алаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы арнайы тіккен ақшаңқан киіз үй айналасында жағалай наурыз көже, бауырсақ пісірген, ет асып, сауық-сайран құрған адамдар. Құрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», Тәттімбеттің «Саржайлау» күйлері құйқылжып, шат көңілді көтере, серпілте, сілкінте түседі. Наурызға арналған тілек сөздер жазылған ұрандар алаңның сән-салтанатын асыра түскендей.

Киіз үй маңында, ұжымдастар, ардагерлер, дос жарандар бір-бірімен құшақ жая қауышып мәз-мейрам. Наурызға арналған ән-жыр да осы жерде. Наурыз мерекесімен атыраулықтарды құттықтауға келген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті облыстың құрметті ардагерлері, ресми тұлғаларымен қатар зауыттықтар да қарсы алды. Әннен шашу төгіліп, Қыдыр Ата бастасын берді. Облыс әкіміне мерекелік дәм ұсынылды.   

Осы орайда атап өтерлік бір жайт: шығыстағы жыл басы – Наурызды өткен заманның тарихи экзотикалық көрінісі ретінде ғана көрсетумен әуестенбей, оны кәдімгі дәстүрлі халықтық мереке ретінде жаңғыртып, бірте-бірте өмірге орнықтыруға деген бетбұрыс анық байқалады. Зауыттықтар тойдың осы жағына баса көңіл аударды. Мұны кәсіпорын тіккен киіз үйлерден де байқауға болатын еді. Сегіз қанат ақ отау баяғы дәстүрге сай безендіріліпті. Киіз үйде босаға, қазан жақ, төр жақ, жастар жататын шымылдық ұсталған бөліктер және олардың өздеріне сай мүліктері бәрі де қамтылған. Біз соның бәрін өз орындарынан көрдік, сағынышқа айналған ауыл өмірі еске түсіп, жан-дүниені жайландырады. Бұл мерекені ерекше сән салтанатпен атап өтуде зауыт ұжымының белсенділігі, ауызбіршілігін байқадық.

Арнайы дайындалған киіз үйге зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев облыстың Құрметті азаматтары мен зауыт ардагерлерін шақырып қонақ етті. Олар Мешін жылы жиналған көпке игі тілектерін айтып, бата берді. Зауыт ұжымы қонақтап келген қарияларға сый-сияпат көрсетті.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу