Біз тек алға ұмтыламыз!

08.12.2015
660 просмотров

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауы – еліміздің алдағы дамуын екшейтін тарихи құжат деп білемін. Жолдау әрқайсымызға арналған және Қазақстанның қуатын асыруға, дамытуға топтастырады.  

Жолдау менің сенімімді бекіте түсті, себебі, біз- зауыттықтар дағдарыс кезеңінде қиындыққа төтеп беріп ғана қоймай, өндірістік қуатымызды да арттыра аламыз. Өнімнің экологиялық жағынан тазалық сапасына әрі еңбек қорғау мен жұмысшылардың денсаулығын сақтауды назардан тыс қалдырмаймыз. Сондықтан да біз тек ғана алға бағыт ұстаймыз!

Елбасы Жолдауында: «Жаһандық дағдарыс- тек ғана қатер емес, жаңа мүмкіндіктер» екенін атап өтті. Біздің кәсіпорын өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қаржылық дағдарыс кезеңінде де өндірісін құлдыратқан жоқ. Ал, 2007-2009 жылдардағы дағдарыс толқынында зауыт өзінің алғашқы жаңғырту сатысына шығып, жаңа өнім шығару мен өндірісті кеңейтуге көшті. Дағдарыс - ішкі резервтерді ұтымдастырып, түрлі бастамаларға шығармашылық тұрғыдан қарап, қатып қалған бірізділіктен арылуға мүмкіндік береді. Біз хош иісті көмірсутек өндірісі кешенін іске қосып, жоғары сапалы бензол мен параксилол өнімінің тәжірибелік-өнеркәсіптік партиясын алдық.  Мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы да қарқын алды. Ол пайдалануға берілген кезде әлеуметтік маңызы бар өнімдерді шығару жаңа сатыға көшпек. Біз сонымен қатар қосымша жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Жұмысшыларды жаңа технологияларды меңгеруге бейімдеп дайындаймыз. Зауыттың тікелей өндірісіне сәйкес келмейтін активтер аутсорсингке шығарылып, кәсіпорын құрамынан бөлінген цехтар мен бөлімшелердің еркін жұмыс жасауына мүмкіндік бердік. Ол өз кезегінде кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырды. Өмір бойы сен үшін біреулер ойлап, бәреулер шешетін масылдық пиғылдан арылатын кез келді. Әркім өз жағдайын жасауға дағдылануы шарт. Бүгінде зауытта құрылымдық өзгертулер мен жұмысшыларды ұтымдастыру процесі жүріп жатыр. Бұл жұмыстар кәсіпорынның болашағы үшін, зауыттықтардың игілігі үшін жасалып жатыр.

Зауыт Дағдарысқа қарсы жоспарын жасақтауда. Себебі, кәсіпорынды жаңғыртуға тартылған займдар АҚШ долларымен баланған және біз солай есептесіп жатырмыз. Алда республиканың қаржылық институттары біздің займдарды ұлттық валютаға айналдыру жөнінде мәселе көтеріп, біздің мүддемізге қарай жұмыстанады деген сенімдеміз. Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, бюджет саясатын ұтымдастыруға жұмыстанамыз. Қаржы үнемдеуді қолға алатын боламыз. Зауытта жұмыс істеп тұрған құрылғылар мен тауарларды сатып алу, қызмет көрсету қатаң қадағаланады. Өндірістік қажеттілікке қарай ғана қаржы жұмсалады. Осындай кезеңді әрбір зауыт жұмысшысы түсініп, абыроймен жұмыс істеп, адалдығын көрсетуі қажет.               

Біз шетелдік банктер алдындағы міндеттемелерімізге қарамастан балалар мен зейнеткерлерді қолдау бағдарламасын жалғастырамыз. Әрбір зауыттықтың әлеуметтік пакеті өзгермейтін болады.

Жолдау - зауыт жұмысшыларының бәріне бірдей келешекке жол көрсетер бағдарламасы іспеттес. Сондықтан да біз Елбасы айтқандай, бір жұдырықша жұмылып, тығырықтан қиналмай шығу үшін топтасуымыз қажет. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу