Мерекелік бағдарлама «Амал келді – Жыл келді!» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Шара барысында қазақ халқының көне салты мен көктемнің келуін бейнелейтін көріністер қойылып, өнерпаздар жиналғандарды жаңа жылдың басталуымен құттықтады. Көктемнің жаңаруын бейнелеген әндер шырқалып, күй тартылып, ұлттық билер орындалды.
Салтанатты жиында Атырау мұнай өңдеу зауытының Бас директоры Қуаныш Бишімов сөз сөйлеп, ұжымды Көрісу күнімен құттықтады. Ол бұл мерекенің адамдарды жақындастырып, татулық пен сыйластықты арттыратын ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Сонымен қатар зауыт ұжымының бірлігі мен кәсібилігі кәсіпорынның тұрақты дамуы мен өндірістік жетістіктерінің негізі екенін айтып, қызметкерлердің еңбегіне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Қойылым барысында қазақ халқының Көрісу күніне тән дәстүрлері көрсетіліп, көпшілік бір-бірімен төс қағыстырып көрісті. Бұл күннің басты мәні – ағайын-жұрттың амандығын тілеп, бірлік пен татулықты нығайту екені атап өтілді.
Іс-шара барысында сахнада ұлттық мәдениеттің түрлі элементтері көрініс тапты. Қыдыр ата батасын беріп, жиналған жұртқа амандық, береке, татулық тіледі. Сонымен қатар көрермендер ұлттық ойындар мен театрландырылған көріністерді тамашалады.
Көрісу күні – қазақ халқы үшін тек мереке ғана емес, адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты нығайтатын ерекше күн. Бұл күні үлкен мен кіші бір-біріне амандық тілеп, өткен өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылды ақ ниетпен қарсы алады.Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы да осы дәстүрді жалғастырып, ұлттық мәдениетті ұлықтады. Мереке соңында барлық қатысушылар бірлесіп финалдық ән орындап, Көрісу күнінің мәні мен рухын тағы бір мәрте айшықтады.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей