Күрек пен тырма алып, қапшықтарын арқалаған мұнай өңдеушілер таңмен қызу жұмысқа кірісті. Зауыт аумағын абаттандырып, тазалық акциясына белсенділік танытты. Олар көңілді әуен ырғағымен өндірістік нысандар мен әкімшілік-әлеуметтік ғимараттар айналасын, саябақтарды тазартып, жол бойындағы ағаштарды әктеді. Бір жарым сағат уақыт ішінде жұмысшылар шамамен 12 текше метр күл-қоқыс жинады.
Зауыттың Бас директоры Ғ. Жусанбаев әрбір қызметкер өзі еңбек ететін нысан аумағының тазалығына жауапты екенін баса айтты. 2 500-ден астам адамның екінші үйіне айналған зауыттың санитарлық жағдайын жақсарту - ортақ міндет екенін тілге тиек етті. Тазалық акциясының соңында қатысушыларға Ораза-бокстар таратылды.
Айта кеткен жөн, Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойы аясында қызметкерлер мен экобелсенділерінің қатысуымен бірқатар экологиялық шаралар жоспарланған.
Назад к списку новостей