М.Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын тексерді

01.03.2024
272 просмотров
М.Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын тексерді

Атырауға жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев АМӨЗ-де болды.


Ұлттық компания басшысы кәсіпорынның басты технологиялық қондырғыларын, механикалық тазарту қондырғыларын, негізгі эстакадалар мен теміржолдарын аралады. Зауыт директорының міндетін атқарушы Олег Лызлов жуырда жанармай төгіліп, алайда өндіріске әсер етпеген бутендерді олигомеризациялау қондырғысы мен автоматтандырылған ашық түсті мұнай өнімдерін құю қондырғысының жұмысы туралы мәлімет берді.

«Қазіргі таңда зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өнім шығару мен жөнелтуде іркіліс жоқ. Үш кезеңді жаңғыртудан өткен кәсіпорын былтыр рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Шамамен 5,5 млн тонна мұнай өңделді, 4,9 млн тоннаға жуық тауарлық өнім шығарылды. Орташа өңдеу тереңдігі де рекордтық көрсеткішке, яғни 82,1% пайызға өсті», - деді М. Мырзағалиев.

Сонымен қатар ҚМГ басшысы жақында Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғыларында болған жағдайларға қатысты түсініктеме берді.

«Әлі де жетілдіре түсетін тұстарымыз бар. Атап айтсақ, зауыттың модернизациядан өтпеген, ескі бөлігіндегі жабдықтары 40-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қазір кәсіпорында операциялық тиімділікті арттыру жобасы қолға алынды. Жоба аясында кәсіпорынның сол ескі бөлігінің негізгі жабдықтарын жаңарту жоспарланған. Зауытта бірқатар экологиялық жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ электр қуатын күшейту және атмосфераға зиянды шығарындылар қаупін азайту үшін газ турбиналы электр станциясын салу жоспарда», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Зауытты аралаған соң «ҚазМұнайГаз» басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына кәсіпорынның тұрақты әрі апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді, өндірістік бағдарламаның орындалуын және операциялық тиімділікті арттыру жобаларының іске асырылуын тапсырды. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу