Құрылтай депутаттарына Атырау МӨЗ-дің даму жоспары таныстырылды

06.11.2026
41 просмотров
Құрылтай депутаттарына Атырау МӨЗ-дің даму жоспары таныстырылды
2026 жылдың 6 қарашасында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарынан құралған делегация Атырау мұнай өңдеу зауытына (Атырау МӨЗ) келді.
Сапар барысында қонақтар кәсіпорындағы өндірістік процестермен, негізгі технологиялық қондырғылардың жұмысымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау шараларымен және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жобалармен танысты.

Атырау МӨЗ бас директоры Мұратжан Мұсайбеков делегацияға кәсіпорынның негізгі өндірістік көрсеткіштерін таныстырып, зауыттың даму жоспары туралы айтты. 2026 жылдың қорытындысы бойынша Атырау МӨЗ-де 5,7 млн тонна мұнай өңделеді деп күтілуде. Өндіріс тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында 2028 жылдың соңына қарай мұнай өңдеу қуаттылығын жылына 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдері мен мұнай-химия өнеркәсібіне қажетті шикізат – бензол мен параксилол өндірісінің көлемін арттыру көзделген.

Кездесу барысында өндірістің экологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. М. Мұсайбеков кәсіпорын үшін өндірістік көрсеткіштерді арттырумен қатар, қоршаған ортаға әсерді жүйелі түрде азайтудың да маңызды екенін атап өтті.

Соңғы бес жылда Атырау МӨЗ табиғатты қорғау шараларына 51 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Олардың қатарында Tazalyq жобасы, резервуарларға понтондар орнату және пештердегі жанарғыларды ауыстыру жұмыстары бар. Қоршаған ортаға әсерді одан әрі азайту мақсатында зауытта экологиялық тиімділікті арттыру жобасы әзірленді. Жоба жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 табиғатты қорғау іс-шарасын қамтиды.

Сапар аясында Құрылтай депутаттары Атырау МӨЗ-дің музейін де аралап, Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының құрылысы мен дамуының түрлі кезеңдерін бейнелейтін жәдігерлермен танысты.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу