АМӨЗ-де «Новатор» газетінің мерейтойына арналған іс-шаралар өтті

23.11.2023
307 просмотров
АМӨЗ-де «Новатор» газетінің мерейтойына арналған іс-шаралар өтті
Атырау мұнай өңдеу зауытында корпоративтік басылымының 75 жылдығына орай бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

22 қараша күні «Новатор» басылымының 75 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараға редакторлар Индира Сатылғанова мен Светлана Қалиева, баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Елена Есенова, мақалалардың аудармасымен айналысқан Қаржаубай Сұлтанғалиев, зауыт мұражайына еңбегі сіңген ардагер Надежда Силина және де басылымның байырғы редакторлары Юрий Пастухов пен Малике Кулпеисованың балалары Александр Пастухов пен Гүлнәр Кулпеисова қатысты.

Бас қосуда талқыланған тақырып, әрине «Новатор» газеті болды. Жиналғандар зауыт басылымының кәсіпорын өміріндегі маңыздылығын ойға оралтып, баспасөз құралы не туралы жазғандығын еске ала отыра, редакцияның қызмет барысындағы естеліктерімен бөлісті.

Қонақтар 90-шы жылдардағы қиын кезеңдерде зауыт пен корпоративтік басылымды қалай сақтап қалғанын, газетпен белсенді жұмыс істеген мұнай өңдеушілер мен зауыттың бірінші басшыларының газетке бей-жай қарамағанын, зауытта өткен жылдарын еске алып, сағыныштарын білдірді.

Шараға қатысушылардың барлығы дерлік сарғайған ескі газет беттерінде зауыт тарихының көп бөлігі сақталғандығын атап айтты. 75 жыл бойы жалғасын тауып келе жатырған корпоративтік басылымның әлі де жаңалықтарымен қуантып жүргені бірегей құбылыс екендігін тілге тиек етті.

Қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етілді, ал олар өз кезегінде баспасөз қызметі мен редакцияның қазіргі қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, авторларға шабыт, сүйікті кәсіпорынына, қызметкерлеріне және корпоративтік газетке ұзақ өмір тіледі.

Сонымен қатар, газеттің 75 жылдығын тойлау аясында «Жайық» спорт кешенінде мұнай компаниялары арасында кіші аяқ добынан турнир өткізілді.

Ойындар сенбі күні бойы жалғасты. Алаңдағы ойын өте тартысты өтті, десе де спортшылар өзара түсіністік пен сыйластық таныта білді.

Нәтижесінде «Ембімұнайгаз» АҚ І орынды иеленді. Жүлделі ІІ-ші орын Казтрансойл мекемесіне тиесілі болса, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ІІІ-ші орынға жайғасты.

Турнирге барлығы мұнайшылардан құралған 8 құрама команда қатысты.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу