АМӨЗ-де қондырғылардың жұмысындағы қауіптілікті анықтау бойынша сессия өтті

22.12.2022
1155 просмотров
АМӨЗ-де қондырғылардың жұмысындағы қауіптілікті анықтау бойынша сессия өтті
Атырау мұнай өңдеу зауытында HAZOP әдісі арқылы күкірт өндіру және біріктірілген күкірт өндіру қондырғыларының жұмысын талдап, ықтимал қауіптерді анықтауға бағытталған семинар мәресіне жетті. Аталмыш әдіс қондырғылардың алдын-ала белгіленген режимнен ауытқыған жағдайда тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігін саралайды.
Семинарға зауыттың 6 маманы қатысты. Іс-шараның сәтті өтуі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен өндірістік процестің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Осы мақсатта зауыт инженерлері бір ай бойы кәсіпорындағы құбырлар мен бақылау-өлшеу аспаптарының, технологиялық процестердің схемаларын талдады. Әр қондырғының жұмысы туралы деректерді егжей-тегжейлі зерттеп, жобалық көрсеткіштерден ауытқу немесе құрылғылардың істен шығу қаупін анықтады.
Сессияны HAZOP анализін өткізудің жоғары санатты маманы – Гүлнәр Әбілханова жүргізді.
«HAZOP әдісі арқылы зерттеу – өндірістік нысандардағы апаттық жағдайлармен күресуге және олардың алдын алуға көмектеседі», – дейді АМӨЗ-дің өндірісті дамыту бөлімінің бас инженері Айзада Ғалиева.
Сессия соңында қатысушылар технологиялық қондырғылардың жұмысындағы ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін қажетті кеңестер мен ұсыныстар айтты.
АМӨЗ іс-шара барысында жинақталған ақпарат негізінде технологиялық қондырғыларды қауіпсіз әрі сенімді пайдалану деңгейін арттыруды көздейді. Бұған дейін HAZOP әдісі арқылы ЭЛОУ АВТ-3, каталитикалық риформинг (CCR) және каталитикалық крекинг (R2R) қондырғыларында да ықтимал қауіптер анықталған болатын.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу