Зауыттықтар латын әліпбиінде диктант жазды

16.11.2018
1204 просмотров
Қазақстан бойынша 14 қараша жалпы халықтық латын әліпбиімен диктант жазу тапсырылған болатын. Бұған дейін де алфавиттің әртүрлі нұсқасы ұсынылған болатын. Қазіргі таңда нақты латын әліпбиі бекітіліп, бұқараға таныстырылды.

      Осы тұста Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері де тысқары қалған жоқ. Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып, 14 қараша күні сағат таңертеңгі 10 да диктант жазуды бастап кеткен болатын. Жалпы алғанда 25 қатысушы ат салысты. Жазбаға 30 минут уақыт берілді. Мәтін аудиожазба түрінде үш рет тыңдалды. Біріншісінде қатысушылар мәтінмен танысады. Екінші тыңдалымда жазуға кірісіп, соңғысында жазылған мәтінді тексерді. Мәтін «Рухани жаңғыру» тақырыбында өрбіген болатын.
АМӨЗ оқу орталығының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Тоқабасова: «Қазақстан Республикасы президентінің жарлығы бойынша қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бағыты бойынша іс-шараның бірі, бүгінгі жалпы халықтық диктант болып отыр. Осы шараға біздің қызметкерлеріміз де ат салысып жатыр. Бұл шараның мақсаты – жүргізіп жатырған қызметпен таныстыру, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру бағытында ұйымдастырылып отыр. Бұнда көбінесе жастарға оңай келеді деп ойлаймын. Ал, егде жастағы жандарға қиынырақ соғуы мүмкін. Көптеген сұрақтар туындап жатыр. Қызметкерлеріміз өзге тілден енген «э», «ю», «я» деген әріптеріміз алфавитте неге кездеспейтіні жөнінде көптеген сұрақтар туды. Соның барлығына жауап беріп, түсіндіру үстіндеміз».
      Шындығында «аю», «ою» деген сөздерді жазар кезде сұрақтардың туындауы заңдылық. Себебі, әліпбиде бұл әріптер көрсетілмеген. Ал, бұл дегеніміз әліпбидегі екі әріптің қосындысы арқылы жазылады дегенді білдіреді. Әліпбиде бұл нақтыланып көрсетілмеген. Десе де, кезең-кезеңімен өтетін болғандықтан, алға қарай да олқылықтар жойылып, бірте бірте қызметкерлеріміз латын әліпбиіне үйренісіп кетері сөзсіз. Бұған дәлел ретінде қызметкерлеріміздің айтар ойы болып отыр. «Бүгінгі латын тілінде жазылған диктанттан оң әсер алдым деп айтуға болады. Дегенменде, кішігірім саусақтарымыз үйренісе алмау болды. Дауысты дыбыстар көп өзгерген, және де «и» әріпі мен «і» әріпін көп шатастырдық. Сонымен қатар «ү», «ұ», «у» әріптері де қиындық тудырды. Себебі бәрі ұқсас. Көбіне ағылшын әрі түркі тілдеріне ұқсас болғандықтан айтарлықтай қиналдық деп айтуға болмайды. Жалпы латын әліпбиіне көшу үшін бағдарлама дұрыстап жасалу керек деп есептеймін. Бірте-бірте енгізуді де қолға алу керек. Себебі, біріншіден халықтың жас мөлшері әр түрлі, есте сақтау, бейімделу жағын ойлау керек. Сонымен қатар қаражат мәселесі. Бірден енгізу көп қаражатты талап етеді. Бұдан да басқа маңызды мәселелер көп болғандықтан, басты назарды соларға аудару қажет деп ойлаймын. Өйткені, бұл түбегейлі өзгеріс. Ұзақ уақытты қажет етеді. Ал, жалпылама тұрғыдан алғанда диктантты 70 пайызға дұрыс жаздым деп есептеймін», - дейді АМӨЗ техникалық бөлімінің инженері Абат Абилхайров.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу