«Тілдарын» сайысында топ жарды

04.10.2016
1408 просмотров
Қазан айының басында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен төртінші «Тілдарын- 2016» аймақтық олимпиадасы өтті. Үш тілді, яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында өткізілген шараға жергілікті ірі кәсіпорын қызметкерлері, жоғары оқу орындарының және колледж студенттерінен 12 үміткер қатысты. Байқау шарты берілген тақырыптың мазмұнын ашу, эссе жазу, мәтінге ілеспе аударма жасау секілді тапсырмаларды қамтыды.     
     Байқаудың үздіктері тілді меңгеру деңгейі мен жазу сауаттылығына және сөйлеуіне байланысты анықталды. Байқауға Атырау мұнай өңдеу зауытынан екі үміткер бақ сынады. Олар: мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені техникалық қондырғысының операторы Әл-Фараби Рзағалиев және Орталық зауыт зертханасының химиялық сараптама лаборанты Дамира Қосымбаева. Кәсіпорын атынан қатысушыларға қойылған талап күнделікті өндірісте қолданылатын терминдерден басқа үш тілде жетік сөйлей алатындықтарын көрсете білу. Айтулы бәйгеге түскендердің білімдерін облысқа белгілі тіл мамандары сынға алды. Сайыс әр тіл бойынша үш кезеңді қамтыды. Алдымен сайыскерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде меңгергендіктері айқындалды. Үміткерлер билет суырып, берілген тақырып бойынша әңгімелеп берді. Екінші кезең белгілі бір тақырып бойынша эссе жазу. Оған 15 минут берілді. Үшінші кезең бойынша қатысушылар бір-бірлеп қазылар алқасының алдына шығып, қазақ тіліндегі мәтінді орысшаға ілеспе аударма жасады.
       Осылайша олимпиаданың бірінші кезеңі аяқталғанда, оның қорытындысына сәйкес 12 үміткердің 7-еуі ғана сайысты жалғастыру мүмкіндігін алды. Келесі бөлімде сайыскерлердің ағылшын тілін меңгеру деңгейі  сарапталды. Әр бөлімнің тақырыптары өзгертілгендігі болмаса, шарттары бірдей. Ілеспе аудармада мәтін ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылды. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша соңғы кезеңге 5 үміткер жолдама алды. Ақтық кезең орыс тілінде өтті. Олимпиада қорытындысы  бойынша Әл-Фараби  Рзағалиев жүлделі І орынға лайық деп танылса, Дамира Қосымбаева үздіктердің арнайы Алғыс хатын иеленді. Біздің зауыт қызметкерлерінің топ жарып, жүлделі орындарды иемденуі біз үшін үлкен қуаныш, зор мерей. Атап өткен жөн, «Тілдарын» олимпиадасына қатысуға біздің үміткерлер үшін уақыт тығыз болды. Соған қарамай, дайындыққа бар күшін салып, барлық сынақтан сүрінбей өткен, үш тілде еркін сөйлей алатын жан-жақты маман екендіктерін танытып, зауытымыздың абыройын асқақтатқан Әл-Фараби мен Дамираны жеңістерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз!

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу