Мұнай-газ саласының жас мамандары

18.09.2014
1137 просмотров
Қыркүйектің 11-і күні Ақтау қаласында “ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ І жастар құрылтайы өтті. Аталмыш шараға Атырау мұнай өңдеу зауытынан еңбек ресурстары басқармасының басшысы Г.М. Өтеғалиева, «АМӨЗ» ЖШС жастар кеңесінің төрағасы Ю.Ю.Кустадинчев және оның орынбасары А.А.Абылхайыровтар қатысып қайтты.

Жастар саясатын жүйелі іске асыру және жас мамандарға қолдау мәселелеріне Ұлттық компания баса назар аударады. Ағымдағы жылы осы бағыттағы жұмыстарды бірізді жүйеге келтіріп, нақты бағыт-бағдар беретін ереже қабылданып, жұмыс жандана түсті. Соның бір дәлелі – компания жастарын қарт Каспий жағасына жинаған І жастар құрылтайы. Жастар саясатының ең өзекті деген мәселелері талқыға түскен бұл шарада салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар мен жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың оңтайлы әдістері ортаға салынды.

Құрылтайды «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» еңбекақы төлеу және адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Сақбалдыұлы Әбденов ашты. Бүгінде Ұлттық компания құрамына кіретін ұйымдарда барлығы 90 мың адам еңбек етсе, оның 17 мыңын, яғни ұжымның 20 пайызын жастар құрайды. Компания басшылығы жастарға қолдау көрсетуге әркез дайын. Дей тұрғанмен, компанияның бұл тұрғыдағы позициясы – жастарға қатысты сауалдарды шешумен жастардың өздері айналысып, белсенді әрекет етулері тиіс. Жастардың проблемаларын бірге талқылаудан да ешкім бас тартпайды, қаржылай, әдістемелік, басқа да көмек түрлерін көрсетуге де даяр. Тек жастардың белсенділігі мен ынтасы ғана қажет. Құрылтайды ұйымдастырудағы негізгі мақсат - осы, яғни, жастардың өзара ақылдасуларына, пікір алмасуларына мүмкіндік туғызу.

Бұл шараның маңыздылығын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, «Әлеуметтік әріптестік орталығы» ҚФ бас директоры Нұрлан Есімбетов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитет өкілі Мақсат Мәжитов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы директоры Нұрлан Сыдықовтар да атап өтті.

Құрылтайда жастар мәселесіне қатысты тақырыптар жан-жақты қамтылды. Компанияға қарасты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті жерлердегі жастар кеңесінің жетекшілері түрлі тақырыпта баяндамаларын жасады. Жиналғандар «ҚазМұнайГаз» ҰҚ»АҚ корпоративтік портал негізінде инновацияны қолдау туралы, жастар арасындағы инновациялық-рационализаторлық жұмыстар, жастардың карьералық өсуі, жастарға арналған мәдени-көпшілік шаралар туралы ақпараттармен жете танысуға мүмкіндік алды. Спикерлердің қатарында біздің зауыт жастарының жетекшісі Юрий Кустадинчев те болды. Ол өз баяндамасында қатысушыларға жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері жөнінде әңгімеледі. Ұлттық компанияның жастар саясатының негізгі бағыттары мен оны жүзеге асыру жолдарын «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Жастар саясаты жөніндегі кеңесінің төрағасы Еркін Қырымбекұлы Көшербаев өз баяндамасында жан-жақты түсіндіріп берді. Кейін мұнайшы жастардың көшбасшысы І жастар құрылтайының қарарын жария етті.

Құрылтайға қатысушылар атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша бірнеше ұйғарым қабылдады. Жастар саясатының бағыттары ретінде кәсіби даму, мәдени-даму, инновациялық-рационализаторлық бастамалар, спорт және салауатты өмір салтын насихаттау, әлеуметтік қолдау мәселелері мақұлданды.

Шара барысында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ еңбекақы төлеу және адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Сақбалдыұлы Әбденов бірқатар белсенді жастарды Ұлттық компанияның Құрмет грамотасымен марапаттады. Марапатталғандар қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытының жастары Абат Абылхайыров пен Данияр Шеркешбаев та бар.

Сондай-ақ, құрылтайшыларға «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ жастар кеңесінің құрамы таныстырылды. Кеңеске Атырау мұнай өңдеу зауытынан Абат Абылхайыров енді.

Құрылтай кезінде жастар «Медиация – жастар ортасында кикілжіңнің алдын алу құралы» тақырыбында шеберлік класынан өтті. Сабақты Халықаралық бизнес академиясы жанындағы «Медиация және конфликтология» орталығының директоры Бақыт Жұмақаева жүргізді.

Құрылтайдан соң жастар «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰҚ» АҚ-ында болып, жұмыс барысымен танысты. Ал кешке еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мұнай саласының жас мамандары мейрамханада бас қосты.

Жастар мәселесін бірге талқылау, оны шешу жолдарын өзара тәжірибе алмасу арқылы анықтауды мақсат еткен алғашқы құрылтайдың жұмысы сәтті аяқталды. Келесі құрылтай Көкшетау маңайындағы Зеренді кентінде өтеді деп жоспарланып отыр.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу