Сондай-ақ, алдымыздағы жылы Ұлы Отан соғысының мұқтаждығы үшін салынып, Жеңіс жылында іске қосылған қазақ мұнай өңдеу саласының қара шаңырағы – Атырау мұнай өңдеу зауытының да 70 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Зауыттықтар кәсіпорын тарихын Жеңіс тарихынан бөліп қараған емес. Бұл зауытта 300-ден астам соғыс ардагері еңбек еткен. Елге есен-сау оралып, еңбекке араласқан олар өндірісті дамытуға өз үлестерін қосты. Күні бүгінде солардың төртеуінің ғана көзі тірі. Олар - В.Коноплева, И. Отрошко, Ш. Бареев, Д. Яшков. Ал Атырау қаласында барлығы 53 соғыс ардагері және 3 соғыс ардагерінің жесірі тұрады.
Бүгінде елімізде Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңындағы іс-шаралар өз бастауын алды. Соның бірі - ардагерлерге арналған қайырымдылық акциялары. “ҚазМұнайГаз-өңдеу - маркетинг» АҚ компаниялар тобы құрамына кіретін Атырау мұнай өңдеу зауыты өңірде ең алғашқы боп қалалық әкімшілік ұйымдастырған қайырымдылық акциясына қатысты. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев бастаған делегация құрамында Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Қайрат Оразбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құсайын Урымбасаров, еңбек ресурстары басқармасының бастығы Гуляра Өтеғалиева да болып, соғыс ардагерлеріне құрмет-ілтипаттарын білдірді.
Атырау мұнай өңдеу зауытынан алғаш боп көмек алған ардагерлердің бірі – 90 жас мерейтойларын атап өткен Раиса Васильевна Захарова мен Вера Владимировна Буянова. Раиса Васильевна соғыс даласында байланысшы қызметін атқарып, Сталинград түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Соғыстан соң Гурьевтегі геологиялық экспедиция құрамында еңбек еткен.
Ал Вера Владимировна соғыс жылдарында госпитальда еңбек етіп, дәрігерлерге жаралы жауынгерлерді емдеу ісінде көмек көрсеткен. Бүгінде ол ұрпағының мейіріміне бөленген асыл әже.
Мерейтой иелерін арнайы құттықтап барған басшылар оларға қаржылай сияпат пен түрлі сыйлықтар табыстады. Зауыт атынан барлық ардагерлерге гүл мен сыйлықтар, сондай-ақ 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және «Атаба» компаниялар тобы желісінен сауда жасауға 20 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ, қайырымдылық акциясы шеңберінде Атырау қаласындағы ардагерлер паркінде ауқымды мәдени шара ұйымдастырылды. Шараның құрметті қонақтары – соғыс ардагерлерінің атына қала әкімі Нұрлыбек Ожаев, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Қайрат Оразбаев, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі директоры Бақытгүл Хаменовалар жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында театрландырылған көріністер қойылып, әскери-патриоттық әндер орындалды. Қайырымдылық шарасына алғаш боп ат салысып, ардагерлерге құрмет көрсеткен зауыт басшылығы мен ұжымына қалалық әкімшілік алғыс білдірді. Жауынгерлеріміздің ерлігін дәріптеп, оны өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған акцияда ардагерлер зор сый-құрметке бөленіп, ризашылық сезіммен тарқасты.
Назад к списку новостей