«ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесовтың бастамасымен Павлодар мұнай-химия зауытының делегациясы Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Делегация құрамында: өндірістік бақылау бөлімінің жетекші инженері Александр Олейников, құрылыс жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Виталий Редькин, БӨА және ББЖ бойынша жетекші инженер Андрей Чигак, мердігер ұйымдар және мемлекеттік органдармен жұмысты үйлестіру бөлімінің инженері Орынша Ярмухамедова мен бас механик бөлімінің жетекші инженері Виталий Изак. Павлодарлықтар зауыттың кейбір өндірістік циклдарымен танысып, АМӨЗ-нда енгізіліп жатқан жаңа технологиялар туралы хабардар болды.
Бүгінде Павлодардағы зауытта бензинді изомерлеу қондырғысы құрылысының жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан да іссапардың алғашқы күнінде қонақтар зауытымыздағы балама қондырғының жұмысымен танысты. Қондырғы қызметкерлері павлодарлықтарға жұмыс принципі туралы баяндап берді. Ал қонақтар өз кезегінде қондырғыны пайдалану барысында туындауы мүмкін кей қиындықтарға назар аударды. Атыраулық әріптестері қондырғыға қызмет көрсету жөнінен мол тәжірибеге ие, сондықтан да олар жабдықтарды монтаждау мен пайдалану барысында қиындықтар туындаған жағдайда қандай техникалық шешімдерді қолдану тиімді екендігін жан-жақты түсіндіріп берді. «Павлодар МХЗ» ЖШС өндірістік бақылау бөлімінің жетекші инженері Александр Олейниковтің айтуынша, бұл сапардың басты мақсаты – өндірістік процесс бойынша оңтайлы техникалық шешімдер қабылдау үшін қондырғыларға қызмет көрсету жөнінен тәжірибе алмасу. Айта кетейік, бүгінде Павлодар МХЗ-нда мұнай өңдеу тереңдігі 80-85 пайызды құрайды, бұл нәтижеге каталитикалық крекинг процесінің арқасында қол жеткізілген.
Іссапардың екінші күнінде қонақтар ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінде болды. «Павлодар МХЗ» ЖШС құрылыс жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Виталий Редькин инвестициялық жобалар аясында жүріп жатқан жұмыстардың ауқымдылығына таңданысын жасырмады. Павлодарлықтар жобаның қаншалықты көлемді екендігі ірі габаритті жабдықтардың орнатылуы, жоғары технологиялық шешімдердің қолданылуы, құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастыру, қатаң еңбек тәртібі арқылы көрініс табатынын атап айтты. Оларға атыраулық әріптестері Павлодар МХЗ-ндағы балама қондырғыларда қолдануға болатын БӨА және А іске қосу-баптау жұмыстары жөнінде тәжірибелік нұсқау берді. Сондай-ақ, қонақтар жаңа құрылыстың құрылымын ұйымдастыру, құрылыстың басталу кезеңінде штатты қалыптастыру, есептік құжаттамаларды жүргізу, пайдалану журналдары, құжаттар мен технологиялық құбырларға сызба құру жөніндегі сұрақтарына жауап алды. Олардың назарынан технологиялық регламент дайындау, апатты жағдайдың алдын алу жоспары және жалпы технологиялық сызбаға қатысты сұрақтар да тыс қалған жоқ.
Зауытқа сапарларының соңында павлодарлықтар «Атырау МӨЗ» бас директоры Қайрат Оразбаевқа, бас механик Нұрлан Сарниязовқа, материалдар мен жабдықтарды комплектациялау, қабылдау департаменті директорының орынбасары Серік Өтебалиевке, АКШ және МТӨК кешендеріндегі монтаждау жұмыстарының сапасын қадағалау департаменті директорының орынбасарлары Болатбек Есқалиевке, Самат Алдарбергеновке, техникалық бөлімнің жетекші инженері Ерлан Зинолдиевке консультативтік көмектері үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, қонақтар зауыттың көлік цехы мен асханадағы жұмыстың да жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығына назар аударыпты. «Жұмыс сапары қызықты әрі нәтижелі болды», - деді олар өз сөзінде. Атырау мұнай өңдеу зауытында іске асырылып жатқан ірі жобаларға таңданысын білдірген олар ароматикалық көмірсутектер кешенінің іске қосылуына шақырады деген үмітте екендіктерін айтты.
Назад к списку новостей