Ақпараттық хабарлама

07.10.2026
48 просмотров
Ақпараттық хабарлама
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (бұдан әрі – Атырау МӨЗ) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасай отырып, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Атырау облысы бойынша Экология департаментінің жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме беруді қажет деп санайды.
Жарияланымдарда кәсіпорындағы ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының жекелеген технологиялық пештері бойынша шығарындыларға есептеулер жүргізілмегені және шекті рұқсат етілген шығарындылар (ШРШ) нормативтері белгіленбегені айтылған.

Атырау МӨЗ бұл тұжырымды негізсіз деп санайды және ол ШРШ жобасы аясында орындалған есептеулердің нақты мазмұнына сәйкес келмейді.

Кәсіпорында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен берілген қолданыстағы қоршаған ортаға әсер етуге арналған экологиялық рұқсат шеңберінде жүргізілген тиісті нормативтік есептеулер бар. ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының технологиялық пештеріне арналған ШРШ жобасын әзірлеу кезінде отын газын, табиғи газды және пеш отынын жағудан туындайтын шығарындылар есептелді. Сәйкесінше, аталған шығарындылар көздері бойынша нормативтер Қазақстан Республикасында бекітілген әдістемелерге сәйкес белгіленген.

Атырау МӨЗ тиісті есептеулер мен нормативтік материалдардың бар екенін растайтын қажетті техникалық және жобалық құжаттаманы уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынуға дайын. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезіндегі іс-шараларға қатысты айтар болсақ, АМӨЗ ҚМЖ басталғаны туралы тиісті хабарлама алған кезде бекітілген Жоспарға сәйкес ластаушы заттар шығарындыларын азайту шараларын жүзеге асырады. Жоспарда шығарындыларды төмендетуге бағытталған нақты жұмыстар көрсетілген. Есептеулерге сәйкес, аталған іс-шаралар шығарындылар мөлшерін 35 370,1 г/с-тан 20 664,3 г/с-қа дейін, яғни шамамен 42%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

100 тоннадан астам газдың алау қондырғысында жағылуына қатысты келесіні атап өткен жөн: газды алау қондырғысына жіберу – технологиялық процестің бір бөлігі және ол әдіс сондай-ақ технологиялық қондырғылардың жұмысында ақаулар туындаған кезде қолданылады. Мұндай жұмыс режимі кезінде алау жүйесі газдың қауіпсіз жағылуын қамтамасыз етеді және жобаға сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.

Сонымен қатар, 2026 жылдың 2-7 қыркүйегі аралығында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті орган зауыттың санитариялық-қорғау аймағының шекарасында күкіртсутек бойынша нормативтен асу фактілерін тіркеген жоқ. Кәсіпорын экологиялық талаптарды сақтау қажеттілігіне күмән келтірмейді және жүргізіліп жатқан бақылау іс-шаралары аясында мемлекеттік органдармен сындарлы түрде өзара іс-қимыл жасайды.
 
Атырау МӨЗ заңнамада көзделген рәсімдердің аяқталып, соттың тиісті құқықтық баға беруін күтуді қажет деп санайды.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өнеркәсіптік шығарындыларды бақылауға және экологиялық мониторинг деректерінің дұрыстығына ерекше назар аударады. Кәсіпорын технологиялық жабдықтың сенімділігін арттыруға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға және өндірістік экологиялық бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Атырау МӨЗ кәсіпорынның қызметі мен тексеру нәтижелері туралы ақпараттың расталған құжаттар мен объективті техникалық деректерге негізделуін маңызды деп есептейді. Кәсіпорын мемлекеттік органдармен, қоғам өкілдерімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық диалог жүргізуге дайын және заңнама аясында қажетті түсініктемелер беруге әзір.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу