2024 жылы байқауға барлығы 41 өтінім түсті. Инновациялық комитет олардың ішінен 29 рационализаторлық ұсыныс пен 7 новаторлық идеяны іріктеп алды. Жобалар кәсіпорындағы технологиялық процестерді жетілдіріп қана қоймай, Атырау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Байқау қорытындысы бойынша «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің кондицияға сәйкес келмейтін өнімін Sulfrex қондырғысында тазарту» атты новаторлық ұсыныс үздік деп танылды. Идея авторлары – өндірісті жедел басқару бөлімінің басшысы Дәулет Кубес пен гидрогенизациялық процестер өндірісінің басшысы Самғат Рашев. Өндірістік тәуекелдердің алдын алуға арналған жоба 2025 жылдың басынан бері технологиялық процеске енгізіліп, тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Жобаның арқасында толық кондицияға сәйкес келмейтін сұйытылған мұнай газы күкірт қосылыстарынан тазартылуда.
Екінші орынды «Жеңіл газойльді каталитикалық крекинг қондырғысынан Prime D қондырғысына шығару үшін жаңа желіні іске қосу», сондай-ақ «Газ беру сызбасын өзгерту және П-2 пешінің газ беру желісіне ілмекті арматура орнату» рационализаторлық ұсыныстары иеленді. Аталған жобалар жабдықтарды тез істен шығудан сақтайды.
Үшінші орынды «D-208 сыйымдылығының төгу желісіне ілмекті арматура орнату» және «200С температурада мұнай өнімдерінің тығыздық мәнін анықтауға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету» ұсыныстарының авторлары бөлісті. Бұл жобалар жабдықтарды жөндеуге жұмсалатын уақытты үнемдеп, зауыт зертханасының жұмысын жеңілдетеді.
Байқау жеңімпаздары қаржылай сыйақымен марапатталды.
Жаңа техникалық шешімдер іздеуде ерекше белсенділік танытқан 7 қызметкер де қаржылай сыйақы алды.
Рационализаторлық қызмет жүйесі — зауыттықтардың шығармашылық бастамалырын қолдаудың негізгі әдістерінің бірі. Озық ойлы қызметкерлердің арқасында өндіріске нақты экономикалық нәтижесі бар инженерлік шешімдер енгізіліп, АМӨЗ жұмысының тиімділігі жыл сайын артып келеді.
Назад к списку новостей