Балаларға қуаныш сыйлаған мереке

10.06.2024
960 просмотров
Балаларға қуаныш сыйлаған мереке

Атырау мұнай өңдеу зауыты жылдағы дәстүр бойынша 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кәсіпорын қызметкерлерінің бүлдіршіндеріне арнап қуаныш пен жылулыққа толы мерекелік шаралар ұйымдастырды.

Іс-шаралар легін «Ата-анам — зауыттық» экскурсиясы ашты. Екі күнге созылған тур барысында 200 бала ата-аналарының жұмыс орындарын аралап, мұнай өңдеуші мамандығы туралы ақпарат алды. Кәсіпорын мамандары бүлдіршіндерге технологиялық қондырғылардың жұмыс ерекшеліктері, шығарылатын мұнай өнімдері туралы айтып, қызығушылық тудырған сауалдарына жауап берді. Зауыт музейінде жалғасқан экскурсия барысында балалар Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының құрылу және даму тарихымен танысты. Танымдық іс-шара соңында кішкентай қонақтарға сыйлық сертификаттары табысталып, естелік суреттер жасалды.

 

Балалар мерекесі әрі қарай сурет сайысы мен отбасылық спорттық жарысқа ұласты. Сурет байқауында 7 мен 12 жас аралығындағы 30-дан астам қатысушы түрлі-түсті боялар мен өз қиялдарының көмегімен Атырау мұнай өңдеу зауытын бейнеледі. Біреулері технологиялық қондырғыларды қағаз бетіне түсірсе, екіншілері зауыттың басты құндылығы — қызметкерлерді бейнелеп көрсетті.

 

«Әкем, анам және мен — спорттық отбасымыз» атты сайысқа екі жас категориясы бойынша 14 команда қатысты. Олар жылдамдықты, ептілікті, төзімділікті әрі командалық жұмысты талап ететін алты түрлі қызықты эстафетада бақ сынады. Балалардың күлкісі, ана-аналардың қуанышы мен жанкүйерлердің қолдауы спорттық зал ішін нағыз мерекелік атмосфераға толтырды. Cайыстардың жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

 

Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар АМӨЗ-дің жас мамандар кеңесі ұйымдастырған қайырымдылық акциялармен жалғасады.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу