АМӨЗ-дің Amanat бастауыш партия ұйымынан сайланған мәслихат депутаты есеп берді

31.01.2023
499 просмотров
АМӨЗ-дің Amanat бастауыш партия ұйымынан сайланған мәслихат депутаты есеп берді

Атырау мұнай өңдеу зауытында Amanat бастауыш партия ұйымының биылғы жылдағы алғашқы жиналысы өтті. Зауыттықтар алдында «АМӨЗ» ЖШС партия ұйымының мүшесі, 7-ші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаты Бексұлтан Дүйсенғұл екі жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Жас депутат алдымен жиналғандарды 2021-2022 ж.ж. аралығында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесімен таныстырды. Ол әсіресе Жайық өзенінің экологиялық жағдайы мен қаладағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Булану алаңында тазалау ғимараттарын салу үшін бюджеттен қаражат бөлінуіне атсалыстым. Қаламыздағы әрбір тұрғын Жайық өзені үшін алаңдаулы. Бұл мәселені депутаттық корпуспен бірлесіп мәжіліске, министрлікке жеткіздік. Қазіргі кезде Жайықтың гидрологиялық режимін жақсарту үшін жұмыстар жасалынуда»,- деді Бексұлтан Дүйсенғұл.
Сөз алған қоғаммен байланыс, мемлекеттік органдармен, мердігерлік ұйымдармен жұмыс және әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент директоры Серік Арыстан жиналғандарды 19 наурызға жоспарланған мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына белсенді қатысып, елдің болашағы үшін таңдау жасауға шақырды.
«Сайлау мажоритарлық деңгейде өтеді. Яғни әр адам немесе қоғамдық бірлестіктер өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түседі. Қазақтың аса көрнекті ағартушысы Міржақып Дулатов «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт», - деген екен. Сондықтан елдің қамы мен жағдайын ойлайтын, болашақтың жарқын болуы үшін еңбек ететін азаматтарға дауыс берейік», - деді ол.
Ал «АМӨЗ» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақыт  Өтебалы зауыттықтардың арасында депутат атанып, Бексұлтан Дүйсенғұлдың бастамаларын жалғастырамын деушілерге партия әрдайым қолдау көрсететінін айтты.
Жиын соңында Серік Арыстан, Бақыт Өтебалы, Бексұлтан Дүйсенғұл мен АМӨЗ-дің мұнайды өңдеу және күкіртсіздендіру процестері бойынша атқарушы директор Асқар Ермышев Amanat партиясы Атырау қалалық филиалының кезектен тыс конференциясына делегаттар ретінде сайланды.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу