Темірден түйін түйген...

07.03.2019
1228 просмотров
Темірден түйін түйген...

Ұлболсын Жөкешова 1954 жылы 18 қаңтар күні Гурьев қаласының Дамба елдімекенінде дүниеге келген. Ата-анасы екі қызды дүниеге әкеліп, жеткізген. 1962 жылы Дамба селосында алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, кейін холодильник ауылына қоныстануына байланысты, Ширина 8 жылдық мектебіне 4 сыныпқа көшкен. Содан соң 1966 жылы Жангелдин атындағы орта мектептің 5 ші сыныбына барады. Сол мектептен 10 жылдықты бітіріп, ГПТУ-13 техникалық мамандандырылған училищесіне түсіп, токарь мамандығын таңдап, аяқтап шығады.

«Ол кезде токарь мамандығын қыздар да оқитын. Біз 10 қыз болып оқыдық. Бірақ мамандық бойынша қызмет атқарған тек мен болдым. Оған ешқандай да өкінген емеспін. Жұмысымды сүйіп, қызығып атқаратынмын », - деп еске алды Ұлболсын Жөкешова.

Ұлболсын Жөкешова Гурьев мұнай өңдеу зауытының жөндеу-механикалық цехында алғаш өзінің еңбек жолын бастаған. Сол цехтан тәжірибе жинақтап, 1976 жылы өзінің қалауымен зауыттың №6 цехына ауысып, еңбегін жалғастырады.

«1977 жылы Зейнетолла Зейноллаұлы деген азаматпен бас қосып тұрмыстық өмірімді бастадым. Өмірге екі ұл 3 қыз әкеліп еңбек жолынан да қол үзген жоқпын. Балалардың кішкентай уақытында өмір қиыншылықтарын көп көрдім. Балабақшада бірде су жоқ болса, бірде жылу жоқ болады. Балаларымды аман есен өсіріп өндіремін деп жүргенде 40 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Сөйтіп, мұнай өңдеу зауытында 40 жыл еңбек етіп, зейнеткерлер қатарына қосылдым», - деп еске алды зейнеткер.

Елiмiздегi машина жасау мамандықтарының iшiнде токарьлық станоктарда жұмыс iстейтiн мамандар ең көп тараған, бiлiмi нақты, iскер мамандар қатарына жатады. Алайда, орта кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде токарь iсiне қатысты пән КСРО кезiнде мектеп қабырғасында, сонан соң орта кәсiптiк бiлiм беру саласында жақсы жолға қойылған едi. Ондай мамандар токарь станогының құрылысы мен жұмысын, жасалатын тетiктiң атқаратын қызметiн, материалын, оның өңделу ерекшелiктерiн, қолданылатын кескiш аспаптарын және олардың қайралу, бекiтiлу ерекшелiктерiн жетiк бiлуге тиiс болатын. Сол замандағы мамандар өз істерінің нақты шебері, қызметінің майталмандары атанатын. Сондай жандардың қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз де бар:

«Мен өз мамандығымды өте қатты ұнаттым. Станокты қосып әндетіп тұрып, сағат кешкі бестің қалай болғанын да сезбей қалатынмын. Мастерім Бородин Александр Георгиевич Ұлболсынның жасаған жұмысы фабрикадан шыққандай деп әрдайым риза болып отыратын. Басыма қиыншылық түскенде цехтің комитет мүшесі Алефтина Ковалева Федоровна әрдайым қол ұшын беруге даяр болатын».

Зейнеткерлер қатарына қосылғанына 7 жылға таяп қалды. Ұлдары мен қыздары бір-бір шаңырақ иелері. Бақытты ана. Екі ұлдан 7 немере, 4 жиені, 2 жиеншары бар. «Үлкен ұлым мен келінім қолымда. Әкелері ұл қыздарының барлығына үй салып беріп, аяқтандырды. Токарь болғаныма еш өкінген жоқпын. Қайта көкірегімді мақтаныш кернейді. Қазір еңбегімнің жемісін жеп отырмын. Балаларым әрдайым бірауыз, бір-біріне қол ұшын беруге дайын тұрады, бауырмал. Әрине, мұнай өңдеу зауыты мен үшін өте ыстық. Зауытымыз өсіп, көркейе берсін. Өнімді мол беріп, зауытымыздың даңқы арта берсін», - деп тілегін білдірді ардагер.

Зауытқа қырық жыл өмірін арнап, тынбай еңбек ете жүріп, бала-шағасының қамын қамдап, отбасының ұйтқысы бола білген от анасының бүгінгі күйі де жанға қуаныш сыйлайды. Ұрпақ қызығын көріп, айналасы сәбидің күлкісіне толған аяулы әже. Қазақ аналарының өмірдегі алдына қойған мақсатының бірі осы деп білсек, бүгінгі кейіпкеріміздің қазіргі таңда арманына жетіп отырғандығына көзіміз жетеді.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу