Әсерге бөлеген үш күн

25.07.2017
1272 просмотров

Жуырда Атырау мұнай өңдеу зауытында алды 25 жыл, соңы 45 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан еңбеккерлер Астана қаласындағы «Family Garden» демалыс кешенінде демалып, Елордаға саяхаттап қайтты. Зауыт ардагерлеріне осындай әсерлі демалысты «Атырау МӨЗ» ЖШС басшылығы ұйымдастырып берді. Бұл шара Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы» бағдарламасы аясында еңбек адамына құрмет саналады. Астанаға саяхаттаған үш күн ішінде ардагерлер бас қаланың көрікті жерлерін аралады, ЭКСПО халықаралық көрмесіне барды. Қала сыртындағы демалыс кешенінің табиғат аясында тыныстады. Зауыт ардагерлері Атырауға оралған соң, сапардан алған тың әсерлерімен бөліскен еді:

Мен алдымен біздерді құрметтеп Астана қаласына туристік сапарға жіберген зауыт басшылығына зор алғысымды білдіремін. Зауытта қызмет еткеніме биыл 31 жыл болады екен. Екіншіден, бізді Астанадағы Елбасы Н.Назарбаев атындағы әуежайдан сән-салтанатымен қарсылап алып, барлық жағдайымызды жасаған     «Family Garden» (Отбасылық бақ) ұжымына ризашылығым шексіз. Ұйымдастырушылар әуежайдан тікелей қала сыртындағы «Family Garden» туристік базасына алып келді. Мұнда да бізді домбыра мен баян сүйемелдеуімен ән айтып, құшақ жая қарсы алды. Біздің ардагерлер тобы, туристік базаның осы маусымдағы алғашқы демалушылары екен. Табиғат аясында дастархан жайылып, ән-күй ырғағында біріге ән салып сол күнді көңілді өткіздік. Ертесіне Астана қаласына саяхатқа шықтық. Сапарымыз «Хазірет Сұлтан» мешітінен басталды. Зәулім мешіт 2012 жылы 6 шілдеде ашылған екен. 4 биік мұнарасының әрқайсысының биіктігі 77 метр, сырт келбеті қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен көмкеріліп, исламның классикалық үлгісінде салынған. Одан соң, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына бас сұқтық. Мұражай 2014 жылы ашылып, мұнда елдің барлық өңірлерінен ежелгі дәуірден күні бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық және мәдени, тарихи жәдігерлері жинақталған. Барлық залын аралап, теңдесі жоқ жәдігерлердің жасалу, табылу деректеріне қанықтық. Арнайы таныстырушы арқылы мұражайдың кереметтерімен танысып, әсерге бөлендік. Бейбітшілік және келісім сарайы (пирамида) архитектуралық құрылысы кешені бірегей сәулет туындысы екеніне көз жеткіздік. Ал, мемлекеттік ресми іс-шаралар, халықаралық форумдар мен мәжілістер өткізілетін Тәуелсіздік сарайы да техникалық жабдықталуы мен           жайлылығы жағынан әлемдегі ерекше ғимараттардың бірі екен. Елорданың тағы бір көркі «Бәйтерек» монументі. Мұнда келушілер биыл тіптен көп болып шықты. Көбіне шетелдіктер қызығы аралайды екен. «Хан шатыр» ойын-сауық және сауда орталығы келушіні баурап алды. Орталықтың ішінде адам жанына керектің бәрі бар. Сауда орындарынан аралап болған соң, бір сәт сауықтауға да болады. Дәмханалары мен мейрамханалары өз алдына. «Мәңгілік ел» монументтік ансамблі де Астанаға көрік беріп тұр. Мұнда түрлі мемлекеттік дәрежедегі қойылымдар мен әскери парадтар өтеді. Осылайша Астанадағы екінші күніміз әсерге толы өтті.

     Үшінші күніміз ЭКСПО көрмесіне арналды. Алдымен Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонын аралап көрдік. Одан соң басқа да елдердің көрмесімен таныстық. Осы күні көремеде 31 елдің павильонын аралаған екенмін. Бәріне тоқталып жатпай-ақ, маңыздыларын атап өтейін. Шри-Ланкада мұнай, көмір өнеркәсібі дамымаған. Сондықтан ел электр энергиясының балама көздерін іздестіруде. Болашақта ток көзін биомассадан алмақ. Атап айтқанда, 44 пайыз электр биомассадан, 34 пайызын күн мен желден, 14 пайызын судан, ал, 2 пайызын көмірсутектерден алуды жоспарлап отыр. Елдің қолөнер бұйымдары қызықтырады. Асыл тастарды өңдеп шетелге шығарады. Түскен қаржыға елге керегін алады. Малайзия павильонында жан-жақта виртуалды көбелектер ұшып жүр. Бақсақ көбелектер елдің нышаны екен. Елде соңғы шыққан көше шамдары 50 пайыз энергия үнемдеп, басқа шамдарға қарағанда 30 пайыз жарығырақ жанады екен. Жаңа өлшеу құрылғылары ғимаратта қанша энергия жұмсалғанын әр 30 минут сайын көрсетіп тұрады. Осылайша қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік бар. Болашақта күн сәулесінен энергия алатын құрылғылар шығармақ. Катар Республикасының павильоны асыл тастармен безендірілгендей. Жалт-жұлт етіп назарды аударады. Павильон бірнеше аймақтан тұрады. Бір бөлігінде елдің табиғаты, маржан өндірісі. Келесінде мұнай-газ өндірісі, тағы бірінде болшақ энергиясы. Мұнда елдің ежелгі дәстүрі бұйымдарды қынамен бояу дәстүрін көруге болады. Австриялықтар энергияны адам ағзасымен, адамның күш-қуатымен байланыстырады екен. Мақсаты әлемдегі негізгі энергия иесі адам екенін көрсету. Сол күні кешкісін туристік база ұжымы табиғат аясында тағы да әнмен әрленген кеш ұйымдастырды. Осылайша біздің Астана сапарымыз есте қаларлықтай әсерге бөледі.                       

                                                                                                                                        Райхан ХАСАНОВА,

                                                                                                                                      ОЗЗ реагенттер мен газдар зертханасының химиялық талдау лаборанты

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу