Көкше баурайындағы көңілді демалыс

13.07.2017
1365 просмотров

Жыл сайын балаларға ұмытылмас демалыс сыйлайтын  Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы мен Кәсіподағы биыл да ізгі дәстүрден жаңылған жоқ.  Жуырда ғана  Көкшенің Зерендісінде қоныс тепкен «Сұңқар» сауықтыру кешенінде тыныққан бір топ зауыт қызметкерінің ұл-қыздары демалыстан оралды. 

Маусымның 17-сі мен 1-шілде аралығына белгіленген демалыс қызықты сәттерге толы болды. Еліміздің ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан демалыс кешені атыраулық демалушыларды табиғатының тартымдылығымен, ауасының тазалығымен, жайқалған жасыл желегімен бірден баурап алды.  Балалардың жазғы демалыстарын жақсы өткізулеріне кешен әкімшілігі де бар күштерін салғандығын көрініп-ақ тұрды.  Мұнайлы астанадан келген меймандарын құшақ жая қарсы алған  кешен ұжымы демалыстың  әр күнін пайдалы, танымды етіп өткізуге тырысты. Күн сайын балаларға арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, тынығушылар «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Үздік жұп», «Сұңқар тв»,  сынды түрлі байқауларда, спорттық жарыстарда өз өнерлерін ортаға салды. Біздің балалар ешбір шарадан тысқары қалмай, белсенділіктерін көрсетіп, қай жағынан да оқ бойы озық болды. Өнерлерімен көзге түскен ұл-қыздар кешен әкімшілігінің дипломымен марапатталды. Демалыс барысында балалар Бурабайға бір күндік саяхат жасап, аттары аңызға айналған Оқжетпес пен Жұмбақтастың керемет кейіптерін өз көздерімен көріп, таң-тамаша болды. Осы бір жарқын күндерден естелік ретінде балалар ата-ана, бауырларына арнап түрлі ескерткіш сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алып, өз туғандарын қуантуға асықты.

Бос уақыттарында теннис, футбол ойнап, бассейнде жүзіп, денелерін шынықтырған балалар күнделікті кешкілік уақытта өткізілетін би кешінде де белсенді болды. Бірінен бірі өткен өнерлі, ұғымтал, тілалғыш балаларға сауықтыру кешенінің ұжымы да дән ризашылықтарын білдірді.

Балаларға тек мәдени-көпшілік бағдарлама ғана емес, дәмі ауыздан кетпес дәмді тағамдар да өте ұнады. Дәруменге бай, ағзаға пайдалы тағам түрлерінен жасақталған 15 күндік дұрыс тамақтану рационының да балалар денсаулығы үшін айтарлықтай пайдалы болғаны рас. 

Демалыс кезінде бір-бірімен тез тіл табысып, достасып үлгерген ұл-қыздар тынығу мерзімі тәмәмдалғанда бір-бірімен қимай қоштасты. Келесі жазда тағы да Сұңқарда кездесуге уәделескен олар биылғы демалыстарының балалық шақтың ең бір жарқын шақтары ретінде естерінде қалатындарын айтты.

                               Венера Туленова,  балалар жетекшісі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу