Еркен Жолымбаев, Бас инженердің сервистік қызмет көрсету жөніндегі орынбасары:
- ЭКСПО көрмесінің біздің еліміз үшін, әлемнің болашағын бағдарлауы үшін керемет маңызды екеніне көз жеткізіп қайттым. Болашақ энергиясына арналған халықаралық көрмені түсініп аралаған адамның алары көп. Мәселен, әр ел болашақта энергия шығарудың түрлі тәсілдерін көрсетіп жатыр. Дамыған елдердің өзі оны виртуалды, бейнероликтер арқылы көрсетеді. Қабылдануы жеңіл, бірақ оның соншалықты әсіреленуі кәдімгі күнде көретін біздің жарнамалар сияқты көрінеді. Ол АҚШ, Голландия мен Араб елдерінде байқалады. Ал, Ұлыбританияның көрмесі маған үлкен әсер етті. Олар болашақта энергияның қалай өндірілетіні, қандай бағытта пайдаланылатыны және оны үнемдеу нақты көрсетілген. Графен материалын пайдалану арқылы жасалған жарық шамдарын көріп таңдандым. Графенді графиттен алады екен. Ғалымдар өнім алуды өндірістік жүйеге қоюды ойластырып жатырған көрінеді. Графен адам шашынан да жіңішке нәрсе. Содан әзірге сынақтан өтіп жатқан 20 шақты жарық шамдарын көрсетіпті. Бұл шамдар 5 жыл, 10 жыл қызмет етуі мүмкін. Тіптен, 100 жылға дейін. Қызмет ету мерзімі ұзақ, әрі энергияны үнемдейді. Бұл шамдар тұрмыста ғана емес, экономиканың барлық саласында қолданылуы қажет. Ағылшын ғалымдары оны медицинада қатерлі ісік ауруын емдеуге сынақ жүргізіп жатыр. Нәтиже боларына сенеміз. Міне, болашақтың энергиясының адамзат үшін пайдасы. Ал, Чехияның павильонында ток көзінен заряд алатын велосипед қызықтырды. Қарапайым велосипед қуат алған соң 30 шақырым өздігінен жүре алады екен. Тек басқарып отырсаң болғаны, қалаған жеріңе бара аласың. Болашақтың таза экологиялық көлігі. Өндіріске енгізіліпті. Бағасы – 1000 евро. Қызықтырғаны соншалық, сатып алуға да оқталдым. Өкілдерінен сұрастырып көріп ем, сұранысы бар елге бірнеше ондаған данасын тасымалдау шарт екенін айтты. Егер әкеліп жатса, ойланбай аламын. Міне, мен көрген ЭКСПО көрмесі осылайша әсер қалдырды.
Сағи Бекбаев, МТӨК технологиялық қондырғысының операторы:
- ЭКСПО көрмесі тек энергияның ғана емес, түрлі елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрі, табиғаты үндескен шара болғанын баса айтқым келеді. Ресей әлемді таңқалдыратын мұзжарғыш кемесі мен мұзтауларды игеруінен бөлек құрып бара жатқан жан-жануарлар әлемін сақтауды қолңа алу жүйесі қызықтырды. Амур жолбарысы әлемде саусақпен санарлық қана қалған екен. Оның көбеюіне тосқауыл көп. Алдымен, браконьерлер тойымсыздықпен аулайды екен. Себебі, көлеңкелі нарықта оның терісі миллиондаған долларға бағаланады. Одан кейін тіршілік ету ауқымы тарылған. Яғни, орманда жолбарысқа қорек болар аң-құс сирек, өсімдіктер әлемі де кемшін. Осыны зерттеп, саралаған ресейлік ғалымдар асыл тұқымды жолбарысты көбейтуді қолға алыпты. Мұнда адамзаттың табиғатты қорғауға назары ауады. Ал, Тайланд елі алтын бұйымдарды қалай жасайтынын қолөнер шеберлері арқылы көрсетті. Шағын ел электр энергиясын ауылшаруашылығы өнімдері арқылы өндіреді екен. Қолда бардан қажеттісін жасап отыр. Манако да кішкентай ғана ел. Арнайы көзәйнек арқылы елді виртуалды аралап шығуға болады. Кәдімгі саяхаттап жүргендей әсер аласың. Осы елдің көрмесінен электровелосипедті көрдім. Күннен қуат алады. Рамасы бамбуктен жасалған. Ол шірімейтін, сынбайтын мықты өсімдік. Сондықтан оған металл қорытып, энергия көзін жоймайды, экологиялық таза өнімнен жасаған. ЭКСПО-да әр елдің өз салтына, мәдениетіне және экономикалық әлеуетіне қарай жетістігін байқауға болады.
Альфия Манасова, ЖЭО химиялық сараптама лаборанты:
- ЭКСПО-ға жол түскен адам Қазақстанның сфера павильоныннан бастайды. Мен де еліміздің жетістігін тамашаладым. Мұнда қазақтың салт-дәстүрінің біз мән бере бермейтін түрлері де бар екен. Соны түсініп алдым. Қазақтың күйлерін бір пернені басып-ақ ойнату техниканың дамығына болса керек. Ұлттық музыканы қалағаныңша тыңдай бергің келеді. Бірақ, уақыт жетпейді. Сфераның өзін бірнеше күн аралауға болады. Әйнек көпірдің өзі неге тұрады? Бұрын ондайды шетелде бар деп еститін едік. Үсіне шығып, жүріп те көрдік. Қорқынышты. Дегенмен, қызық. Халықаралық көрмені аралап жүріп, келешек жаңа технологиялар заманы екенін түсіндім. Мәселен, біздің тұрмыста айырылмастай болып кеткен телефондарымызды қуаттау үшін арнайы құрылғысын алып жүру керек, оған арнайы ток көзі бар жер керек. Ол проблеманы батыс елдері шешіп қойыпты. Телефонды қаптайтын құрылғы шығарған. Ол күннен қуат алу арқылы телефонға береді. Онымен табиғат аясына шыққанда, күні бойы қалада жүргеніңде өте қолайлы екен. АҚШ, Германия мен Израиль елдерінің көрмесі қызықтырды. Оны айтып жеткізу мүмкін емес. ЭКСПО-ны барып көру керек!
Назад к списку новостей