Еңбегімен қадірі артқан Қайыргелді

29.06.2017
1201 просмотров

             Қайыргелді Темірбеков Атырау мұнай өңдеу зауытына 1973 жылы 27 жасында келді. Жастайынан көлік жүргізушілер оқуын бітіріп шыққан соң, қалаған ісіне машықтанған еді. Зауытқа келгенге дейін талай көлікті тізгіндеді. Түрлі мекемелерде жүк көлігін де, жеңіл көлікті де жүргізді. Тәжірибе жинақтады. Автобус жүргізуге, жолаушылар тасымалдауға құқық беретін куәлігін де алған. Ол кезде көлікпен жолаушы тасу үлкен жауапкершілік артатын. Сондықтан да бірден зауыттың көлік цехына қабылданды. Автобуспен ауысымға келетін, ауысымнан  шығатын жұмысшыларды тасымалдады.  

Өткен ғасырдың 70 жылдарында зауыттың көлік цехының базасы енді ғана техникалармен толығып жатқан. Жаңа келген автобус жүргізушісіне ескі көлік беріліп, сынақтан өтетін. Талай көлікті тізгіндеп тіс қаққан Қайыргелді бұл сыннан сүрінбей өтті. Ескілеу КаВЗ автобусының күн-түн демей қасынан табылып, бір өзі жөндеді, күтімін жасады. Бұрын екі күннің бірінде бұзылып тұратын, жүруінен тұруы көп болатын көлік Қайыргелді мінгелі бабына келген. Бір-екі жылдан соң жаңа келген «Кубань» автобусына отырды:

-         «Кубань» моторы ішіне қарай орналасқан 20-25 адамдық автобус болатын. Жазды күні жүргізуші отыратын жері мотордың ыстығынан адамды шыдатпайтын. Соған да үйрендік. Ол кезде қала бойынша 4 бағыт: Тұрғындар қалашығы, Авангард, Балықшы және Вокзал маңына жұмысшыларды тасыдық, алып келдік. Кейде бір бағытқа бірнеше рейс жасаймыз. Адам көп те, тасымал көлігі аз болатын. Банктен жұмысшылардың жалақысын алып келу де бізге жүктелетін. Ойлап қараңыз, мыңдаған жұмысшының айлығы қанша болатынын. Жастықтың буы шығар кассирмен бірге барып, алып келе беретінбіз. Ол кезде бір банк қой. Әр мекеменің өз күні мен алатын сағаты бар. Өзіміз жүргізуші, өзіміз күзеті боламыз. Тонап кетеді-ау деген ойыма кіріп шыққан емес. Әлде сол кезеңнің тәртібі мықты болды ма екен?.. «ЛиАЗ» автобусы келіп, 50-60 адамға дейін тасымалдауға дейін қол жетті. 80 жылдардың басында шетелдік «Икарус» автобусы тек біздің зауытта болды. Соны жүргіздік. Сонда көрдік қой, шетелдіктердің техниканы қалай жайлы жасайтынын. Орындығы жұмсақ, жолаушылардың шалқайып жатуына болады, желдеткіші бар. Жұмысшыларға да жақсы болды. Кейіннен ғой, Тәуелсіздік алған соң зауытқа жапондық, кореяның шағын автобустары келе бастады. Көлік жуатын арнайы орын ашылды. Жөндеу цехтары да жарақтандырылды. Міне, осылай еңбек ете жүріп 36 жылдың қалай өтіп кеткенін білмей де қалдық. 2009 жылы құрметті демалысқа шықтым. Немерелердің жанындамыз. Зауыттың ардагерлер Кеңесіне ризамын. Былтыр 70 жасқа толғанымда шақырып, сый-сияпат көрсетті. Шараларына шақырып тұрады.

    Қайыргелді Темірбеков еңбек еткен жылдары кәсіпорынның Құрмет тақтасына суреті ілініп, бірнеше рет Құрмет кітабына енгізілді. Зауыт ардагері деген құрметті атақты да иеленген. Зайыбы Бәтима екеуі 3 бала тәрбиелеп өсірді. Үлкені Сергей әке жолын қуып, зауыттағы көлік цехында еңбек етті. Кейінгі жылдары басқа мекемеге ауысқан. Ал, ортаншысы Берік Темірбеков зауытта МТӨК құрылысы бөлімінде қызмет етеді. Өткеніне өкінбейтін, болашағынан үміт күтетін, бейнетінің зейнетін көріп отырған ақсақал қашанда бала-немерелерінің тілекшісі болып келеді.  

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу