Мен көрген ЭКСПО...

27.06.2017
1200 просмотров

Әлемді өзіне қаратқан Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесіне зауыт қызметкерлері барып, тамашалауда. Төменде зауыттықтардың ЭКСПО көрмесінен алған әсерімен бөлісеміз.  

Құсайын Орынбасаров, МӨАКӨ бастығының алғашқы өңдеу процесі жөніндегі орынбасары:

 

-         ЭКСПО көрмесі туралы менің бұған дейінгі түсінігімді, санамды мүлде өзгертіп жіберді десем артық айтқандығым болмас. Халықаралық көрме туралы кейбір ақпарат құралдарындағы және сайттардағы түрлі жағымсыз жайттарды оқимыз, қабылдаймыз. Ал, ЭКСПО көрмесіне барған соң, оның бәрінің де қауесет екеніне көзім жетті. Себебі, көрмені жан-жақтан келіп тамашалап жатқан халықта шек жоқ. Барлық елдің көрме павильондары мүлтіксіз жұмыс жасап тұр. Түстік немесе кешкілік ас мәзірін қарапайым адамның қалтасы көтеретіндей. Қымбат емес. Ал, көрмені аралап шыққаннан кейінгі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. Ол үшін әрбір адам көрмені өз көзіммен көріп барып, пікірін, көзқарасын қалыптастыру керек. Ал, ақпарат құралдарының жазғанына, адамдардың айтқанына, бәріне бірдей сене бәруге болмайды екен. Сфера пішіндес Қазақстанның көрме павильоны қандай керемет! Біздің елдің әлеуетін паш етіп тұр. Осындай көрмені ұйымдастырған, қолдан келетінін дәлелдеген елім үшін мақтанамын! Немістер ұсынған лазерлі шоудың тамашасы әлі көз алдымда. Көрмені аралап жүргесін бәрін бір-бірімен салыстырып қарайсың. Израиль мемлекетінің көрме тақырыбына сай күннен, судан, желден энергия алу технологиясы қызықтырды. Ғалымдары табиғи энергия өндіруде дамыған елдердің біразынан алға шығып кеткені көрініп-ақ тұр. Олардың түсіндіруінше, бүгінгі алынып жатқан қазба байлықтардың, энергия көзін алып отырған көмірсутектер күндердің күнінде түгесілетінін білдіреді. Сондықтан адамзат қолдан келгенінше табиғи, экологиялық таза өндіріске бет бұруға саяды. Бүгінде ақпарат көздері көп. Қай ел болмасын, саяси-экономикалық жағынан хабардармыз. Көрмеге келген Орта Азиядағы елдер, Таяу Шығыстардағы мемлекеттердің де жетістіктерін де көзбен көрдік. Энергетикалық әлеуеті керемет болмаса да Түркменстан мен Өзбекстан өздерінің этникалық салт-дәстүрін, өндірістік бұйымдарын ала келіпті. Осының өзі арқылы басқа елдердің өкілдері олармен танысып, байланысып жатыр. Сондықтан да айтарым, ЭКСПО-ны барып көзбен көру керек. Оның әсерін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.         

 

 

   Дастанбек Демешев, Ароматикалық көмірсутектер өндірісінің пультпен басқару операторы:

 

ЭКСПО-ның аумағына кірісімен байқағаным келушілердің қауіпсіздігіне жіті қарайтындығы. Біз шығарда баспасөзде сфера әйнектері шытынапты, құлағалы тұр деген алып-қашпа ақпарат болға еді. Қазақстан көрмесі орналасқан 8 қабатты көрмені аралап көрдік. Әйнектердің шытанағандары байқалды. Оны қауіпсіздік үшін,адамдарды жақындатпай жүретіндей етіп белгі қойылған. Соншалықты құлайын деп жатқанын байқамадық. Және қауіпті еш нәрсе жоқ. Жалпы ЭКСПО конструкциясының өзі бір ерекшелігімен адамды баурап алады. Қытай көрмесі шағын ғана фильммен болашақтағы энергияны алуды көз алдыңа әкеледі. Германияның көрмесі өз алдына бір төбе. Корей елінің көрмесі туралы талай естіп едім. Өкінішке орай, оған кіретін адамдардың кезегі өте көп болды. Біраз кезек те күттім. Бірақ, уақытымыз өтіп бара жатқан соң амал болмады. Чехтардың жел, су қондырғылары арқылы энергия өндіру әдісіне тәнті болдым. Олар велосипед ұшағын жасапты. Төрт жағынан қаңғалағы бар аппарат болашақтың таза да ыңғайлы көлігі болмақ. Шри-Ланка шеберлерінің көрмесі де көңілден шықты. Темірден, тастан қашалып жасалған бұйымдарды көргендер амалсыз қызығып қарайды. Малайзия биомасса энергиясын қолдануға көшкен ел екенін осы көрмеде байқадық. Олар қоқысты өңдеу арқылы жанармай көзін тапқан. Соны энергия өндіруге пайдаланбақ екен. Айта берсе, ЭКСПО қызығы таусылмас. Бәрінен көрмені көзбен көріп тамашалау керек!

           

    Оразбек Жұманалиев, МӨАКӨ технологиялық қондырғысының операторы:

 

ЭКСПО-ны мен Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытатын бірден бір себеп дер едім. Әлем елдерін біз халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар, әсіресе Олимпиадалар, футбол чемпионатын өткізуі арқылы танимыз. Ал, еліміздің осындай ауқымды көрме өткізуі де қазақ елін әлемге паш етіп жатыр. Оның бірден бір дәлелі: Қазақстан көрме павильонын аралап жүргенде бірнеше шетелдіктер жүр қарап. Солардың өз тілінде сөлеп жатқанынан «Қазақстан» деген сөзді әркез құлағым шалып қалады. Ол дегеніңіз, қай елден келмесін шетелдік Қазақстан мемлекетінде болғанын, осындай әсерлі көрмені өз еліне жеткізіп барады. Одан айналасы, көрші-көлем, туғандары, таныс-білістері қазақ елін таниды деп есептеймін. Көрсем,білсем дейді. Сондықтан да әлемді өзіне тартып тұрған ЭКСПО көрмесінің еліміз үшін, болашағымыз үшін маңызы зор. Көрме барысында мен Италияның павильонына қызығушылықпен бас сұқтым. Еуропадағы дамыған ел ғой, кіргеннен көздің жауын алады. Тарихи да ежелгі шежіресі бай елдің техникалық жетістіктеріне таң қалмасқа болмайды. Әр саладағы технологиялық жаңашылдықтарын виртуалды көрсеткенінің өзі шынайы қабылданады. Үндістан көрмесіне бардым. Бұл елді қанша естіп, біліп жүрсем де жақынырақ танысайын дегем. Қолөнері, тігін шеберлігін, зергерлігін айшықтайтын бұйымдарын көріп тамсандым. Расымен де шеберліктеріне бас июге болады. Жалпы ЭКСПО-ны көрген жан адамзат мүмкіндігінің шексіздігіне қанық болады.   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу