Зауыттықтар ЭКСПО туралы

21.06.2017
1201 просмотров

ЭКСПО көрмесіне барып, аралап көрген зауыттықтардың әсерімен бөлісеміз.

Асылбек Қасымбеков, пультпен басқару операторы:

 

-         ЭКСПО көрмесі әлемдік жоғары деңгейде жасалғаны көрініп-ақ тұр. Архитектуралық кескіні көз тартады. Бұрын теледидердан, суреттерден көргендей емес, ғимараттарын барып көргенде өзгеше әсер аласың. Көрмеге кіргеннен волонтерлардың қызметіне тәнті болдым. Өзіміздің қазақ жастары. Үш тілде сайрап тұр. Қай елдің көрмесі қызықтырса, сол жаққа бағытын түсіндіріп, сілтеп жібереді. Енді өзіміздің «Нұр Әлем» павильонына тамсанбау мүмкін емес. Тарихымыздан бастап, салт-дәстүріміз айшықты насихатталған. Болашағымызды бағдарлау да сенімді көрсетілген. Шетелдерден мені Манаконың көрмесі әсерге бөледі. 3D форматында мұхит тіршілігі, мұхитты мекендейтін жан-жануарлар мен балықтарды көргенде құдды бір судың астында жүргендей әсер аласың. Оның үстіне мұхиттың ароматикалық иісін де шығарып қойған. Шағын ғана елдің мұхитың суын пайдалану арқылы электр энергиясын алуға болатыны нақты көрсетілген. Ал, Германия –дамыған ел. Лазерлі шоу арқылы болашақ энергиясын түрлендіріп жіберіпті. Осындай әсермен уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамаппын. ЭКСПО көрмесінде әр ел өз ерекшелігіне қарай сан алуан тақырып тапқан.       

 

 

   Айбек Жүнісов, Сумен жабдықтау және судан ажырату нысанының машинисі:

 

-         ЭКСПО-ның аумағына кірісімен Қазақстан көрмесін асықпай аралап, көріп шықтым. Оның ерекшелігі мен маңызын айтып жеткізу үшін ұзақ әңгіме қозғауға болар. Ресейдің көрмесінде Арктиканы зерттеуге шығатын «Лидер» атом мұзжарғышы қызықтырды. Кеме 4 метр қалыңдықтағы мұзды жарып жүреді екен. Әлемде теңдесі жоқ. Негізі көрші мемлекет ғылым жағынан көшбасшы ел екенін мойындауымыз керек. Бәрінен де Доминикан көрмесіне назарым ауды. Тропикалық өсімдіктерден энергетикалық ресурстар алу әдісін тапқан. Ол әрине, қуатты болмас дегенмен, баламалы электр қуат көзі болмақ. Олардың түсіндіруінше, қазіргі энергия алып отырған көмірсутегі мәңгілік емес. Бір жылдары таусылады. Сол кезде өсімдіктердің де кәдеге асатынын көрсетеді. Мәселен, энергия қуатын беретін қарапайым әдістердің өзі қызықтырады. Дүние жүзінде дамушы елдер бар. Энергия тапшы. Соларға арнап ток көзін алу амалдары ұсынылған. Мысалы, пластик бөтелкеге хлор салынады. Қараңғы уақытта ол айналасына жарық береді екен. Велосипедтің дөңгелегін айналдыру арқылы ток шығару бұрыннан бар әдіс. Энергия қуаты жоқ кезде ол да үлкен көмек. Жалпы көрме адамның дүниеге көзқарасын аша түсуге, қазіргі инновациямен танысуға маңызы зор.       

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу