Өткен аптада жергілікті «Қазақстан-Атырау» телеарнасындағы «Назар» ток-шоуына зауыт экологтары қатысты. Ток шоу «Атыраудың ауасы неге лас?» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Оған облыстық экология департаментінің, «Қазгидромет» Атырау бөлімшесінің басшылары, табиғат прокуратурасының өкілі және тәуелсіз экологтар қатысқан болатын.
Ток-шоудың тақырыбы айтып тұрғандай, әңгіме өзегі Атырау облысының экологиялық ахуалы төңірегінде өрбіді. Экологтардың сараптамаларында Атырау қаласының қоршаған ортасы соңғы жылдары күрт төмендегені айтылды. Оған қалада және қала маңында өндірістік ошақтардың шоғырлануы себеп екені алға тартылды. Қаланың экологиялық ахуалын қалай оңалтуға болады? Зиянды қалдықтарды ауаға шығаруды ауыздықтау үшін не істеу қажет? Экология департаменті басшысы мен мұнай өнеркәсібі мамандары қалада кәсіпорындар шығаратын лас қалдықтардың шамасы белгіленгенін атап өтті. Соңғы жылдары ауаны шамадан тыс ластаған өндіріс орындары тіркелмеген. Дегенмен, осы белгілі бір ауаға шығатын лас қалдықтар экологияға кері ықпал ететіні жайында сөз қозғалды. Ол үшін қала маңында жасыл белдеу қалыптастырудың маңызы зор.
Атырау мұнай өңдеу зауытының да белгіленген эмиссиясы бар, сондықтан ол экологтардың жіті бақылауында. Егер зауыт ауаны шамадан тыс ластаған болса ол, қаланың әр бұрышында орнатылған арнайы өлшегіш құралдар арқылы анықталатынын «Атырау МӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Өтесін Уандықов мәлімдеді. Ол хабар барысында зауыт тарапынан экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған шараларды ортаға салды: «...бәріңізге белгілі бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңғыртудың 3-ші кезеңі жүзеге асырылуда. Жалпы осы жобалар кезеңінде зауытттың санитарлық-қорғаныштық аумағы 805 гектарға белгіленді. 2003-2006 жылдары бірінші кезең қосылғанда зауыт айналасында 8 гектар жерге тал отырғызылып көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жаңғыртудың екінші кезеңінде 191 га аумақты көгалдандырдық. Енді бүгінде 3-ші кезең мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені аяқталып жатыр. Ол үшін 110 га жерге тал егу жұмыстары жүргізілуі тиіс болды. Біздің зауытұа қабаттас басқа да өндіріс орындары шоғырланған, олардың да аумағы бар. Тұрғын үйлер де жақын орналасқан. Сондықтан көгалдандыру аумағымыз 17 гектарды құрады. Сол аумақта жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар, «Тұрғындар қалашығында» кәсіпорынның су алатын қондырғысы бар. Сол қондырғы арқылы Әуезов көшесінің екі қапталындағы талдарды сауаратын құбыр жүйесіне су жүргізіп тұрамыз. Күтімін қолға алдық. Маңдағы жеке секторды жазғы сумен қамтамасыз етіп, аулаларына көгал егуге жағдай жасап отырмыз». Ток-шоуда Ө.Уандықов көрермендердің зауыттың экологиялық ахуалды оңалтуда жасап жатқан жұмыстарына байланысты қойған сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, «Назар» ток-шоуы «Қазақстан-Атырау» телеарнасында үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері эфирге шығып келеді. Негізінен бүгінгі өзекті мәселелерді көрермен назарына салып, оның шешілу жолдарын сарапшылар, арнайы мамандармен талқылайды.
Назад к списку новостей