Күллі дүниенің назарын аударған ЭКСПО

12.06.2017
1175 просмотров

Астанада төрткіл дүние түгелдей көз тіккен  Халықаралық ЭКСПО көрмесінің ашылуы еліміздің әлемдік қауымдастықта еңсесі биік екенін, ұлтымыздың ұлылығын, мем­ле­кет­тілігіміздің беріктігі мен мықты әлеуетін тағы бір паш етті.  115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесін Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан тұңғыш суырылып шығып өткізіп отыр. 

             

  «Болашақтың энергия­сы» атауымен шымылдығын түрген көрме адамзаттың тың технологияларды қолданып, қуат алу көздерін оңтайландыруды ортаға салмақ. Халықаралық ЭКСПО көрмесінің ашылуына қатысқан түрлі мемлекет басшылары мен қонақтары алдында Елбасы бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды тілге тиек етті. Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.

               Дүние жүзінің ғалымдары мен озық технологиялары қатысатын көрме болашақта адамзат дамуы­ның жаңа бағыт бағдарын айқындамақ. Қазақстандықтар мен дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін мыңдаған қонақтар әлемдік ғылыми және инженерлік потенциалдың озық жетістіктерімен танысатын болады. ЭКСПО көрмесі аясында бірнеше мың бағдарлама мен түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді.          

                Қазақстан көрменің қақ ортасында орналасқан шар тәрізді нысанда орналасқан «Нұр Әлем» павильонында келешек энергетикалық ауқатымызды көрермендеріне ұсынуда.   Павильонда Астананың 2050 жылы қандай болатынын көруге болады. Мұнда әр қабат атауға ие: 7- қабатта ғарыш энергиясы, 6-қабатта күн, 5-қабатта жел, 4-қабатта биомасса, 3-қабатта кинетикалық, 2-ші қабатта су энергиясына қатысты жобалар қойылған. «Нұр Әлем» павильоны - көрменiң орталық нысаны саналады. Оның диаметрi 80 метр, биiктiгi 100 метрдi құрайды. Қазақстан павильоны сфера пiшiнiндегi әлемдегi жалғыз ғимарат. Оның салмағы - 13 мың тонна. Әр әйнектiң салмағы 600-800 келiге дейiн жетедi. Мұнда Болашақ энергиясының мұражайы орналасқан.

                 Атырау мұнай өңдеу зауытының озат еңбеккерлері мен өндіріс, қоғамдық жұмыс белсенділері ЭКСПО көрмесіне қатыстырылуда. Көрме ашылғалы бері қызметкерлердің 2 тобы Астанаға барып, көрмені тамашалап келді.      

            

 

             ЭКСПО-2017: Көрген де арманда, көремеген де арманда...

  

Светлана Шапабаева, зауыт әйелдері Кеңесінің төрайымы:

 

-         Көрменің алғашқы күні Астанаға жол тарттық. Біздің топта 17 адам болды. Бәрі де зауыттың белсенділері. Бізге арналып, қонақ үй дайындалған екен. Сол қонақ үйден 12 маусым күні таңертең ЭКСПО көрмесіне арнайы автобус алып барды. Көрменің өзіне енді көз тоймайды. Кіргеннен сезінгеніміз басқа бір әлем сияқты. Алдымен, Қазақстан павильонына бардық. 8 қабаттан тұратын шар тәрізді нысанның төменгі қабатынан бастадық. Елдің болашағын бағдарлайтын мұражай, елдің салт-дәстүрін дәріптеу елде тұратын бізге өте қызықты көрінді. Ал, шетелдіктерге одан да қызықты болары сөзсіз. Барлық қабатын асықпай араладық. Ғарыш энергиясы, күн, жел, биомасса, кинетикалық, және су энергиясына қатысты жобаларға қанықтық. Керемет әсерге бөлендік. Осындай ғажайып дүние жасаған Қазақстан үшін мақтандым! Одан соң, АҚШ көрмесіне бас сұқтық. Мұнда америкалықтар адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббат арқылы энергия бөлінетінін салыстырмалы түрде бейнеледі. Мені қызықтырғаны Ватикан павильоны болды. Оған кіріп жатқан адам саны сирек көрінді. Діндарлар елі энергияны құдайдың құдіреті, тылсым күштің әсерімен байланыстырыпты. Жаратқанға сыйыну арқылы жер бетіне энергия тарайтынын көріністермен бейнелеген. Әсерлі, әрине. Ал, Азия елдерінің болашақ энергиясы туралы түсінігі өзгеше. Қытай ежелгі ертегілеріне сүйеніп, энергияның әлнуетін суреттесе, Корей елі де аңыз-әпсанаға байланыстырып көрініс арқылы баяндады. Өзбектер желдеткіштер арқылы жаңа технологияларын ұсынса, Түркімен ағайындар ұлттық нақыштарымен көрменің тақырыбын ашқан. Көрмені тамашалап жүріп, мұндағы волонтерлардың дайындығы мен мәдениетіне тәнті болдым. Бәрі де бірнеше тіл біледі. Сұрағыңа сыпайы жауап береді. Қажетті көрмені тәптіштеп түсіндіріп, бағыттап жібереді. Мен халықаралық көрмені бір күн бойы аяғым талып, шаршағанша араладым. Көретін қызықтар көп. Оған бірнеше күн керек. Енді елге келгесін жора-жолдастарымды, ағайындарды ЭКСПО көрмесін көруге үгіттеп жүрмін. Себебі, жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық. Ал, көрмені көруге тұрады. Алған әсерім шексіз!

 

 

Анар Шаймарданова, МӨАКӨ цех комитетінің жетекшісі:

 

-         ЭКСПО көрмесі Қазақстанның іргелі ел екенін, мықты мемлекет екенін дәлелдегендей. Елбасымыз халыққа жоғары деңгейде осы халықаралық көрмені өткіземіз деп сендірген болатын. Міне, мен ЭКСПО-ға барғанда соған көз жеткіздім. Алып ғимараттар салынған. Қазақстан павильоны қандай керемет жасақталған. Бір күнде әрине, 87 павильонды аралап көру мүмкін емес, сондықтан таңдап жүріп көруге тура келді. «Нұрлы Әлемді» асықпай аралап таныстық. Одан соң Корей көрмесін көрдік. Олар болашақ энергиясын қалай болжайтындарын арнайы бейнежобаға топтастырған. Өте керемет жасапты. Бейне бір фильм көргендейсің. Болашақта бәрін электронды басқару жүйесі тұрмысымызда үлкен орын аларын осында көрдім. Теледидар, тоңазтқыштардың өзі енді басқаша шығады. Ресейліктер де көрмеге үлкен дайындықпен келген. Бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Қызықты да маңызды көрме.

 

Мәншүк Өтешева, МӨАКӨ машинисі:

 

-         ЭКСПО-ға барып, көзіммен көрем деген ойда болған жоқ. Зауыт басшылығына ризашылығымды білдіремін. Алғашқылардың қатарында көрмені тамашалауға жолдама берді. ЭКСПО менің көзқарасымда басқа әлем. Қалай айтсам екен, Қазақстанда осындай болып жатыр дегенге сенгің келмейді. Дамыған Еуропа елдерінде жүргендей сезіндім. Еліміз 5 жыл ішінде осындай алып көрмені жасап шықты. Тамашалап жүрген адамда сан жоқ. Бәрінің түрінен таңданысты байқадым. Таңқалатындай көрменің қызықтары жетерлік. Оны тек барып көру керек. Әр елдің павильондарын салыстырып қарау керек. Көрмеде әр елдің ұсынған жобасы бір бірінен асып түсіп жатыр. Бұл жерде тек энергетикалық жобалар ғана емес, осы көрмеге қатысып жатқан елдердің мәдениетін, экономикалық әлеуетін айқын байқауға болады. Ал, Қазақстанның көрмесі ғажап! Айтып жеткізу мүмкін емес.                             

 

 

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу