Еңбегімен абыройлы болған ардагер

14.06.2017
1221 просмотров

             Бәтима Құсайынқызы мұнай өңдеу зауытына 18 жастан аса бере жұмысқа алынды. Сол кездегі №10 орта кәсіптік химиялық мамандар дайындайтын училищесін бітірген талдырмаш қыз болашағын осы зауытқа арнауға шын бел буған. Тумысынан еңбек адамының құрметті екенін түйсініп өскен оған жұмысшы болу үлкен мәртебе еді. Сол кезеңде жастардың басым бөлігі қарапайым жұмысшы мамандығын таңдайтын. Осылайша өндірісті көркейтуге атсалысып жатады. Бәтима да өндірісші жастардың қатарында мұнай өңдеу зауытында еңбек жолын бастады.             

Жаңа кәмелет жасына толған қыз бала үшін алып өндіріс ошағындағы жұмыс әрине, оңай болған жоқ. Бұрын тәжірибеден өтіп жүрген. Бірақ жұмысқа сол кездегі №8 цехқа бөлінді. Машинст көмекшісі бола жүріп зауыттағы қызметтің ащы-тұщы дәмін татты. Еврей ұлтында мынадай нақыл бар екен: көрегенді отбасыдан шық, жақсы жұбыңды тап, тәлімгерің мықты болсын, сонда ғана бақытқа кенелесің деген. Бәтиманың бағына орай, цехтағы тәлімгерлері тәжірибелі де мамандығының майталмандары еді.  К.Тамбовцева, Р.Маслова сынды мамандар зейнеткерлік жасына келсе де ізбасарына білмегенін үйретті, көрсетті. Мұнайды қалқып алатын қондырғыда жұмыс күндіз-түні толастамайтын. 1972 жылы Бәтима Баймұханованы 2 разрядты операторлық қызметке ауыстырды. Осы жұмыста Борис Күзембаевтың тәлімі зор болды.

-         Бастапқыда машинист көмекшісі кезімде мені баулыған мамандар зейнетке шығып, мен орындарын бастым. Бір жыл өткенде осы цехта оператор болдым. Борис ағай туған ағамдай қамқор болғанын айтқым келеді. Өте сабырлы да өз ісінің жетік маманы болатын. Жұмыс жайын үйретуі де ерекше еді. Жас маманның өз ісін меңгеріп кетуі үшін сынап та алатын сәттері болады. Көбіне көңілінен шығып жұмысымызды орындай алмай жатамыз. Сол кезде ашуланбай, байыппен түсіндіріп, жолын көрсетіп жіберетін. Жұмыстың көбі дерлік қолмен атқарылады. №164 сорғы болды, одан майды АВТ-ға айдаймыз. Байланыс бүгінгідей емес. Рация жоқ ол кезде. Цех ғимаратына барып байланысқа шығамыз. 1983 жылы жаңа су тазарту иммараты салынды. Сол кезде жұмысымыз бұрынғыдан жеңілдей түскен еді. Мен 1976 жылы 5 разрядты оепратор болдым да, аға операторлыққа ауыстырды. Содан 2010 жылы зейнетке шыққанша аға оператор болып еңбек еттім. Еңбек ете жүріп «Үздік маман», «Кәсіби қызметкер» және «Зауыт ардагері» атақтарын алдым. Зейнетке шыққалы 7 жыл өтті. Осы уақыттан бері зауыттың арадагерлер кеңесі барлық шараларға шақырып келеді. Ризамын. Жуырда 65 жасқа толғанымды сый-сияпатпен атап өтті. Бірге істеген цехтың да жастары келіп құттықтап тұрады.

   Зейнеткерлікке шығарда Бәтима Құсайынқызы да артына жолын жалғастырар шәкірттерін дайындап кетті. Бүгінде өзі тәрбиелеген Алтын Тұрсынова, Сәбила Қатышева және Бауыржан Исмағұловтар ардагердің игі ісін абыроймен жалғастыруда.                

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу