Кешенде энергоагрегатты қосу сәтті жүргізілді

07.06.2017
1145 просмотров

2017 жылы 6 маусымда Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің каталитикалық крекинг қондырғысында бас энергоагрегатты қосуға байланысты салтанатты рәсім өтті. Оған «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Амантурлин, бас директордың жаңғырту және даму жөніндегі орынбасары Нұрлан Кейкин, «Атырау Жарық» АҚ президенті Сүндет Кенжалиев, «Атырау Жарық» АҚ бас инженері Бағытжан Әліпов, «KEGOK» АҚ бас инженерінің орынбасары Арыстан Исмағұлов, LPEC бас директоры Чжоу Чэнпин, LPEC бас директорының орынбасары Хуан Синь, МТӨК жобасының директоры Ши Чжунчжоу, “SINOPEC Engineering (Group) Co., Ltd. Орталық Азия филиалы (10-шы құрылыс басқармасы) бойынша бас директоры Ван Фуцзян және “SINOPEC Engineering (Group) Co., Ltd. компаниясының жоба директоры Шэнь Юэ Цай Дэцюань қатысты.

Каталитикалық крекинг қондырғысындағы бас энергоагрегаттың сәтті қосылуымен «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Амантурлин құттықтады: – Бүгін зауытта үлкен тарихи маңызды күн – біз Қазақстанда өзіндік параметрі жағынан энергетикалық сыйымдылығы жоғары агрегатты сынаймыз. Бұл мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің бас қондырғысында қосу алдындағы операциялардың басталуының нышаны,- деп атап өтті Ғалымжан Амантурлин. Ол сондай-ақ, мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы қытайлық “SINOPEC Engineering (Group) Co., Ltd. компаниясының бастауымен жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Оған Қытайдың Экспорт-импорт банкі қаржысы тартылған.  Зауыттың бас директоры бұл жобаның Қазақстандағы қаржыландырылуы мен көлемі жағынан ірі құрылыс кешені екенін айта отырып, «Атырау Жарық» АҚ мен «KEGOK» АҚ басшылығына энергоагрегаттың сәтті қосылуына қолдау білдіргені үшін және қытайлық әріптестерге алғысын жеткізді.

    «Біз энергоагрегатты межеленген кестесінен 4 күн бұрын қосып отырмыз. Бүгінгі оқиға біздің алдағы жұмысымызға үлкен серпін береді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Атырау ЖЭО және «KEGOK» АҚ басқармасының қолдауы арқасында біз осындай сәтті қадам жасап, нәтижеге қол жеткіздік. Маусым айының аяғында біз алғашқы қосылатын кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтаймыз, 20 маусымда регенератор мен реакторда құрғату жұмыстары басталады, ал, күзде каталитикалық крекинг қондырғысына шикізат бере бастаймыз. 2017 жылдың қыркүйек айында екінші қосылатын кешенде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, қосып-баптау ісіне кірісеміз. Біз күшімізді біріктіру арқылы алға қойған мақсатымызға жетіп, Атырау мұнай өңдеу зауытын көшбасшы мұнай өңдеу кешеніне айналдыратынымызға сенімдіміз!-деді “SINOPEC Engineering (Group) Co., Ltd. МТӨК жобасының директоры Ши Чжунчжоу.

  Іске қосылған энергоагрегаттың (осьті компрессор) тек Қазақстан аумағында ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ. Қуаты- 20 МВт. Осыны тілге тиек еткен  “SINOPEC Engineering (Group) Co., Ltd. Орталық Азия филиалының бас директоры Ван Фуцзян бүгінде МТӨК құрылыс алаңдарында құбырлар мен кабель желісі тартылып, жылу изоляцияларын монтаждау жұмысы қарқын алғанын атап өтті. 30 маусымда құрылыс-монтаж жұмыстарына қосымша құрылысшылар тартылады.  20 шілдеде жылыту жүйесін монтаждау басталады.      

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу