«...Аяз қарып тұрады. Соғыс жылдарындағы қыс қаһарлы болатын. Кейде жалғыз атты шана, кейде қос атпен Сағыздан Доссорға қарай күннің қай мезгілі болмасын аттана береміз. Қар қалың, жел қарсы соқпаса ат желіп отырады. Мінгескен адамыңа да байланысты. Ат болыдырып қалмас үшін бір ырғақпен жүріп отыру қажет. Доссордан кері қарай тағы да адамдар мінгесіп келеді. Кейде түннің ішінде азық-түлік тиеп жалғыз қайтатын кездер де болады. Қарап отырсам сол кезеңде жасым 10-нан сәл-ақ асқан екен ғой...» Бұл тыл ардагері, Атырау мұнай өңдеу зауытының майталманы атанған Қуанғали Шибалаевтың естелігінен бір үзік ғана сыр. Көп сөзге жоқ ақсақал бүгінде 85 жасқа шығып отыр. Екі қоғамның куәгері. Кешегі Кеңес дәуірінің қиын-қыстау кезеңінде туды, еңбекке араласты. Соғыстың қасіретін тартты. Ел Тәуелсіздік алғанда да еңбек майданында болатын.
Қуанғали Шибалаев 1932 жылы бүгінгі Махамбет ауданының (ол кезде Бақсай ауданы) Алмалы елді-мекенінде дүниеге келген екен. Елде аштықтың кезі, ауылды жайламаса да ызғары сезілетін. Аш құрсақ адамдарда қайдан әл-қуат болсын? Ауру да жабысқыш келеді. Қуанғалидың 2-3 жасында анасы ауыр дерттен дүние салады. Әкесінің қарауында қалған балаға туғандары қарайласатын. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында әкесі Тоқтыбақ Елеуов майданға аттанған. Әкесінен 1942 жылы Сталинград майданынан соңғы рет хат алады. Кейін хабар-ошарсыз кетеді. Сағызда әкесінің інісі Қали Шибалаев тұратын. Өрт сөндіруші қызметінде болған соң соғыстан броньмен қалдырған екен. Қуанғалиды сол ағасы қолына алып, өзінің тегін береді. Елде ол кезде ер азаматтардың бәрі дерлік майданға алынған. Жұмыс күші қажет. Доссор мен Мақатта мұнай алынып, майданға жөнелтіліп жатыр. Өңірде жұмысқа жарайтындарды мұнай кәсіпшілігіне жіберіп жатқан кез. 1943 жылы 10 жастан асқанда Қуанғалиды да жұмысқа пайдаланады. Міндеті қыстыкүні ат шанамен, жазда арбамен Сағыздан Доссорға мұнайшыларды тасиды. Қыстың аязды түні талай дала кезді. Адасып та кететін. Осылай жүріп еңбекке шыңдалды. Соғыс біткен соң, орта білімін жалғастырды. Кейін Доссордағы кәсіптік училищеде оқып мамандық алып шықты. Сағызда слесарь болып еңбек етті. 50 жылдары Құлсарыға автобазаға ауыстырылды. Содан 1960 жылы мұнай өңдеу зауытына келген.
- Ол кезде АТК аталады, көлік цехы ғой қазіргі, соған слесарь болып бардым. Бережной деген бастығымыз болды. Майдангерлер көп болатын цехта. Елдегі жұмыс бөлек, зауыттағы жұмыс бөлек. Мұнда өз заңдылығы бар. Осылайша қаладағы өмірге, жұмысқа үйрендім. Заутқа келіп отау құрдым. Жұбайым Мұхсина Бердиева зауыт емханасында істейтін. Екеуміз 3 бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкенім Артур 5-6 жыл зауытта жұмыс істеді. Қазір өз кәсібін ашып алды. Қалғандары да өз алдына шаңырақ болған. Жұбайым екеуміз «Алтын тойымызды» өткіздік. Екі жыл бқрын дүниеден өтті. Бүгінде немерелерімнің қасындамын. Зауыт басшылығына, ардагерлер кеңесіне алғысым шексіз. Барлық шараларға шақырып жатады. Бұрын қатысып жүрдім. Кейінгі кезде денсаулығым сыр бере бастады. Үйден шыға алмаймыз. Жақында Жеңіс мерекесінде құттықтап келді.
Ақсақал бала күннен соғысқа кетіп, хабарсыз кеткен әкесі Тоқтыбақ Елеуовті қанша іздегенімен таба алмаған екен. Бүгінде балалары мен немерелері Ресей архивтеріне іздеу салып жүр. Бір хабары боларынан үмітті. Жыл сайын ұрпағын ертіп «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қояды. Соғыста хабарсыз кеткен әкесінің аруағына, майданда қаза тапқан боздақтарға тағзым етеді.
Назад к списку новостей